Жетісай базарында болған өртте 450-ге жуық кәсіпкердің заттары толығымен жанып кеткен
Кәсіпкерлердің жанған мүліктерінің шығыны саналып жатыр
Жетісай базарында болған өрт кезінде 450-ге жуық кәсіпкердің заттары толығымен жанып кеткен, деп хабарлайды Қазақпарат.
«Кәсіпкерлердің жанған мүліктерінің шығыны саналып жатыр. 1 жылға дейін базарда салық жиналмайды. Кәсіпкерлердің несиесі шегеріледі. 15-20 күнде базар өз қалпына келеді» - дейді Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев.
Қазігі таңда оқиға себептерін анықтау және өрттен зардап шеккендерге көмек көрсету жөніндегі комиссия жұмыс істеп жатыр.
«Адам шығыны жоқ. Заттарын алмақ болған екі адам аяқтарын тіліп алған. Оларға алғашқы медицияналық көмек көрсетілді. Өрттің себебі мен көлемі арнайы комиссияның жұмысы барысында анықталады» - дейді Түркістан облысы ТЖД бастығының орынбасары Бақытжан Запаров.
Айта кетейік, бүгін түнде Жетісайдағы «Күлпаршын» базарынан өрт шығып, базардағы сауда қатарларының тығыз орналасқан жері, маталар мен киім-кешектер, тұрмысқа қажетті заттар сататын аумағы отқа оранған болатын.