Үш бүлдіршін бір сәтте анасынан айырылды: Шымкентте қайғылы жағдай болды
Үш бала түрлі дене жарақатын алған
26 тамызда Шымкентте Toyota Camry және Audi S8 автокөліктерінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды. Салдарынан бір әйел көз жұмып, үш бүлдіршін дене жарақатын алды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ведомстволық басылымның мәліметінше, жол-көлік оқиғасы қаладағы Бәйдібек би даңғылы мен Көшеров көшесінің қиылысында болған. Toyota Camry және Audi S8 автокөліктері соқтығысып, салдарынан Toyota Camry жолаушысы оқиға орнында көз жұмған.
«Үш кәмелет жасқа толмаған бала түрлі дене жарақаттарымен қалалық балалар ауруханасына жеткізілді. Автокөліктердің жүргізушілері мен қалған екі жолаушыға қалалық клиникалық ауруханада медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне қайтарылды. Жайт Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі «Көлік құралын басқаратын адамның абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзуы» бойынша тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалды», - делінген хабарламада.
Басылымның хабарлауынша, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.