Бірақ оны босату үшін өте көп күш жұмылдырылды
Жұмысқа орналастырамыз деген халықаралық алаяқтардың құрбаны болған Анель Бермағанбетова босатылды. Бұл туралы қыздың ағасы Қанат Бермағанбетов айтты.
ҚР Сыртқы істер министрлігі Анельдің босатылғаны туралы ақпаратты растады.
Ағасының айтуынша, енді Анельдің бостандығы мен өміріне қауіп жоқ. Оны отбасы үйінде күтіп отыр.
«Жақсы жаңалықты бөлісейін деп едім. Анель қазір менің досыммен Чандрадан Бангкокқа ұшып шықты, сол жерден Қазақстанға ұшады. Бірақ оны босату үшін өте көп күш жұмылдырылды: Сыртқы істер министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасы Президенті аппараты.
Одан кейін Интерпол, Ресейдің Лаостағы елшілігі, Вьетнамдағы Қазақстан елшілігі байланысқа шықты. Осы күштердің бәрінің іс-әрекетін үйлестіру мүмкін болды. Анельдің деректері Лаос үкіметі, Лаостың адам саудасымен күрес департаменті және басқа ұйымдарға берілді» - деді Анельдің ағасы.
Қанаттың айтуынша, барлық қызмет барынша жылдам жұмыс істеген.
«Кешегі күнге дейін барлық сәт пысықталды. Кеше, 25 тамызда Анельді полиция бөлімшесіне шақырып, оны шекараға жеткізетінін хабарлады (жұмыс берушілер - еск.). Бірақ 5 мың доллар шығынды төлеуіміз керек. Шешім қабылдауға бірнеше секундым болды. Келістім, өйткені қарындасымды сол жерден тезірек құтқару керек екенін түсіндім. Ақшаны криптовалютамен аудару керек еді», - деді Бермағанбетов.
Қарындасының төлқұжатына мөр қойылғаннан кейін, Қанат қажет соманы "жұмыс берушілердің" криптовалюта әмиянына аударған.
«Анельді қайыққа отырғызды, ол Таиланд шекарасына аман-есен жетті. Төлқұжат бақылауынан өтті. Онда оны досым Влад күтіп алды. Енді біз Анельдің үйге оралуын асыға күтеміз», - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Желіде Лаостағы қазақстандық көмек сұрағаны хабарланған болатын.