Отарда бөлім офицері өзіне қол жұмсады: Қорғаныс министрлігі ақпаратты растады
Қайтыс болған жігіттің өлер алдында жазған хаты табылды
Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Гвардейск гарнизонында әскери бөлім офицері өзіне қол жұмсады.
Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, оқиға 22 қарашада Гвардейск гарнизонында болған. Қайтыс болған жігіттің өлер алдында жазған хаты табылды.
Қазір аталған факті бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесі мен туыстарының өтінішіне қарай өзге ақпарат жарияланбайды.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде өз-өзін атып өлтірген әскеридің артына қалдырған хатында не жайында айтылғаны жарияланды:
Мен көп ауырдым, қолым екі рет сынған, ит қапқан, бәрінен кешірім сұраймын. Ешкімге масыл болғым келмейді. Мен үшін ешкімнің қиналғанын қаламаймын. Ешкімге өкпем жоқ, ешкімді кінәламаймын, - делінген хатта.
Еске салайық, биыл 21 мамырда Жамбыл облысындағы 82796 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі казарма ғимаратының 4-қабатындағы терезеден секіріп қайтыс болды. Сарбаз әскер қатарына биыл сәуірде шақырылған, 15 мамырда ант қабылдаған.