Облыста орыс мектептерінің саны қазақ мектептерінен екі есе көп
Қостанай облысында биыл бірінші сыныпқа 12 мыңға жуық бала барады. Басым бөлігінің ата-анасы орыс тілінде білім беретін мектепті таңдаған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, облыста 464 мектеп бар. Оның ішінде 457 мемлекеттік мектеп, 7 жекеменшік мектеп жұмыс істейді.
Бұл мектептердің ішінде 112 мектеп қазақ тілінде, 238 мектеп орыс тілінде білім береді. Облыста аралас тілді 113 мектеп бар.
Жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 11 905 оқушы келеді. Оның ішінде қазақ тілінде білім беретін мектептерге – 2 134 бала, орыс тілінде – 6 890 бала, аралас тілді мектептерге 2 881 бала қабылданды. Аралас мектептерде 860 бала қазақ сыныбында, 2 021 бала орыс сыныбында оқиды, - делінген Қостанай облысы білім басқармасының Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында.
Жаңа оқу жылында қазақ тілінде білім беретін сыныптарға (1-сынып) ұлты қазақ емес 153 бала барады. Оның ішінде ұлты орыс 96 бала бар, украин – 23, әзербайжан – 14, татар – 9, қырғыз – 4, өзбек – 4, армян – 1, башқұрт – 1, поляк – 1.
«2022-2023 оқу жылында 2-11 сыныптарға ұлты қазақ емес 1 527 бала барады. Оның ішінде орыс – 1 193, татар – 75, украин – 69, башқұрт – 56, неміc – 36, қырғыз – 20, әзербайжан – 17, 16 корей және ұлты басқа тағы 45 бала бар», - делінген ақпаратта.
Жаңа оқу жылында орыс тілінде білім беретін мектептің 1-сыныбына ұлты қазақ 3 392 бала барады. Ал осындай мектептердің 2-11 сыныбы аралығында 22 376 қазақ бала білім алады.
Қостанай облысы білім басқармасы мемлекеттік тілде білім беретін ұйым, оқушылардың санын көбейту өңірдегі өзекті мәселенің бірі екенін айтты. Облыста 2021 жылдан бері мемлекеттік тілде білім алатын оқушылар мен білім беру ұйымдарын дамыту үшін жол картасы жұмыс істейді. Сол арқылы қазақ тілінде оқитын оқушылар мен колледж студенттерін көбейту жоспарланған.