Дойбыдан әлем чемпионаты: Қазақстан 3 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлдені алды

Дастан Жұмабекұлы

Бұл жолы Алтынай Даниярқызы әлемнің 7 дүркін чемпионы атанды

фото: Мәдениет және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясы

Бұл күндері Болгарияның Кранево қаласында дойбыдан жасөспірімдер арасында 64 дойбыдан әлем чемпионаты өтіп жатыр.

Оған 15 мемлекеттен келген спортшылар қатысуда. Чемпионаттың бірінші және екінші күндері рапид пен блицтен бәсекелер өтіп, Қазақстан құрамасы 3 алтын, 2 күміс және 1 қола жүлдеге ие болды.

Кеше дойбының классикалық түрінен жарыстар басталып, Қазақстан құрамасы сапындағы Алтынай Жұмагелдиева, Тоғжан Тәжібекова, Айбек Есенғалиев, Алтынай Саматова (Барлығы БҚО) және Есбол Еренғайып (Түркістан облысы) өнер көрсетуде. Ел намысын қорғап жатырған бұл 5 спортшымыздың барлығы да рапид пен блицтен жеңімпаз және жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Қазақстан құрамасының негізін құраушы оралдық дойбышыларды әлем чемпионатына дойбыдан 6 дүркін әлем чемпионы Алтынай Жұмагелдиева бастап барған болатын. Алтынай Даниярқызы бұл жолы блицтен жеңіске жетіп, әлемнің 7 дүркін чемпионы атағына ие болды.

Осы жерде айта кету керек, оралдық дойбышалардың әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатысуына жағдай жасап, үнемі қолдап отыратын БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияровқа, БҚО дойбы федерациясының президенті Жарқын Тәжіғалиевке, №2 БЖСМ директоры Ерден Жанғалиевқа және Оралды дойбыдан чемпиондар ұстаханасына айналдырған білікті бапкер Данияр Жұмагелдиев пен 2018 жылдан бері спортшы – бапкер ретінде әке жолын жалғастырған Алтынай Жұмагелдиеваларға айтар алғысымыз шексіз.

Әлем чемпионатынан тағы бір сүйінші жаңалық, белгілі журналист Мұсағали Тасқалиевтің айтуынша, 25 тамыз күні халықаралық дойбы федерациясының ( IDF) Бас Ассамблеясы өтіп, дойбы спортын дамытуға сүбелі үлестерін қосып жүрген бір топ спортшыға әртүрлі дәрежедегі спорттық атақтар берілді. Олардың арасында Қазақстан құрамасының дойбышылары да бар.

Атап айтар болсақ Әнел Дәулетова халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына ие болса, Мейрам Әділхан мен Тоғжан Тәжібековалар IDF шеберлері атанды.

Еліміздің атын әлемге танытып жүрген дойбышыларымызды жоғары дәрежелі атақтарға қол жеткізулерімен шын жүректен құттықтаймыз!