Шетелге шығарылған жарты триллионға жуық қаражатқа қатысты іс қаралып жатыр
200-ден астам материал құқық қорғау органдарына тапсырылды
Шетелге шығарылған заңсыз қаражатқа байланысты жалпы сомасы жарты триллион теңгеге жуық екі жүзден астам материал құқық қорғау органдарына тапсырылды. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов Тengrinews.kz ақпараттық сайтына берген сұқбатында айтты.
Оның айтуынша, экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануымен күрес жөніндегі комиссия шетелдегі ағындарды талдау, сауда-экономикалық операциялар бойынша бірқатар жұмыс атқарды.
Нәтижесінде экспорттық және импорттық операцияларды төлеу үшін елден шығарылған, екі жылдан астам уақыт бойы елге қайтарылмаған айтарлықтай ірі көлемдегі қаражат анықталды. Құқық қорғау органдарына жалпы сомасы жарты триллион теңгеге жуық екі жүзден астам материал тапсырылды, – деді Әлихан Смайылов.
Сонымен бірге ол елден капиталды шығаруды азайту мақсатында заңнамаға бірқатар түзетулер енгізілгенін айтты. Атап айтқанда, шетелде төленген дивидендтер бойынша жеңілдіктер жойылды.
«Біз сондай-ақ материалдық емес қызметтерге шегерімдер бойынша шектеулер енгіздік. Бұл нормалар Салық кодексінде қабылданған. Өздеріңізге белгілі, Президент Бас прокуратураның басшылығымен жаңартылған комиссия құру туралы шешім қабылдады. Біз осы комиссияның мүшесіміз. Бізде әлі де экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссия жұмыс істейді. Ол өзінің монополиялық жағдайын негізсіз пайдаланып, бәсекелестікті шектейтін нарық субъектілерін анықтауға бағытталған. Мысалы, 40-қа жуық акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, басқа да бірқатар жылжымайтын мүлік объектілері де республикалық меншікке өткен. Біз бұл жұмысты жалғастырамыз», – деп атап өтті премьер-министр.
Бұған қоса ол мемлекет меншігіне өткен компаниялар Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне беріліп, әрі қарай олар тиесілілігіне қарай белгілі бір саланы дамытуға жауапты мемлекеттік органдардың басқаруына берілетінін айтты. Ал оларға қатысты қаражат республикалық бюджетке түсетіні белгілі болды.