Іс бойынша залалдың алдын ала сомасы – 7 млрд теңге
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Арыстанбек Мұхамедиұлының ісін әлі тергеп жатыр, хабарлайды Halyq Unі тілшісі.
Антикор Ұлттық музейдің директоры А.Мұхамедиұлы мен басқа да тұлғаларға қатысты бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде ұрлау және лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану фактілері бойынша тергеуді жалғастыруда.
Тергеу «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша жүргізіліп жатыр, - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ Арыстанбек Мұхамедиұлының мәдениет және спорт министрі болғанда туыстарының және үлестес тұлғаларының меншігіне «Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша Республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі» РМҚК, «Қазақ энциклопедиясы» АҚ және «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» ЖШС заңсыз беруге қатыстылығы тексерілуде.
Тергеліп жатқан қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген залалдың алдын ала сомасы шамамен 7 млрд теңгені құрайды.
Арыстабек Мұхамедиұлының қамауда ұстау мерзімі 4 айға дейін, яғни 26 қыркүйекке дейін ұзартылды.
Тергеу жалғасып жатыр.