Halyq Uni логотип
×

ҰҚК Кәрім Мәсімов пен орынбасарларына қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады

Оларды қамауда ұстау мерзімі 2022 жылдың қазанына дейін ұзартылды

 Халық үні 25.08.2022 | 15:58
ҰҚК Кәрім Мәсімов пен орынбасарларына қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады
Коллаж: Халық үні

ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовке және оның орынбасарларына қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік комитетінде басшылық қызмет атқарған Әнуар Садықұлов, Дәулет Ерғожин, Марат Өсіповке қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды. ҰҚК хабарлауынша, лауазымды адамдар Д.М. Акиповке, Н.К. Бекмұратқа, А.А. қатысты қылмыстық іс тергелді. 

Мәсімовтің және Садықұловтың әрекеттері Қылмыстық кодекстің 175-бабы 1-бөлігі (мемлекетке опасыздық жасау), 179-бабы 3-бөлігі (билікті күшпен басып алу) және 362-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану) бойынша сараланды.

Ал Ерғожинге қатысты іс Қылмыстық кодекстің 179-бабы 3-бөлігі (билікті күшпен басып алу) және 362-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану) бойынша тергелді.

Өсіпов Қылмыстық кодекстің 362-бабы 3-бөлігі бойынша (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану), Акипов және Бекмұратқа қатысты іс Қылмыстық кодекстің 362-бабы 1-бөлігі бойынша (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану) сараланды.

Қазір күдіктілерді іс материалдарымен таныстыру жүргізіліп жатыр. 

Іс материалдарымен танысу кезеңіне Мәсімов пен Садықұловқа қатысты қамауда ұстау мерзімі 6 қазанға дейін, Ерғожинге 13 қазанға және Өсіповке 22 қазанға дейін ұзартылды.

Айта кетейік, қаңтар оқиғасынан кейін Кәрім Мәсімовке мемлекетке опасыздық жасады деген айып тағылды. 6 қаңтарда ол Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы қызметінен босатылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама