Бақыт Сұлтанов «Даму» қоры директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды
Бұған дейін Қордың директорлар кеңесінің төрағасы қызметін Әлихан Смайылов атқарған
Бақыт Сұлтанов 2022 жылдың 11 қаңтарынан бастап «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды. Бұл шешімді «Даму» қорының директорлар кеңесі 2022 жылы 4 ақпанда қабылдады.
Бұған дейін Қордың директорлар кеңесінің төрағасы қызметін Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов атқарған.
Еске салайық, премьер-министрдің орынбасары - Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) кеңесінде Қазақстанның өкілі.
Бақыт Сұлтанов 1971 жылы Алматыда дүниеге келген. 1994 жылы Қазақ ұлттық техникалық университетін инженер-электрик мамандығы бойынша, ал 1995 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын экономист мамандығы бойынша тәмамдады.
2019 жылдың 17 маусымында Бақыт Сұлтанов Сауда және интеграция министрі қызметіне тағайындалды. Ал 2022 жылдың 11 қаңтарынан бастап вице-премьер міндетін қоса атқарады.