Салтанатты жиынды өткізу түрін, қатысушылар құрамын білім беру ұйымдары дербес айқындайды
Биыл елімізде 1 қыркүйек күні өтетін алғашқы қоңырау шарасын ұйымдастырудың тәртібі өзгерді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қыркүйектің бірінші күні білім беру ұйымдарында білім күніне арналған салтанатты жиын өтеді. Өңірлік білім басқармалары жаңа 2022-2023 оқу жылын жариялайтын іс-шараның жоғары идеялық-құндылық мазмұнын қамтамасыз ету мақсатында қажетті іс-қимылдарды үйлестіреді», – деп жазылған мәліметте.
Сондай-ақ салтанатты жиын өткізу кезінде бірқатар мерекелік рәсім өткізуге рұқсат етілмейтіні айтылған.
Салтанатты жиынды өткізу түрін, қатысушылар құрамын білім беру ұйымдары дербес айқындайды. Аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, әртістерді, мерекелік іс-шараларды өткізу үшін ақылы жеке студияларды тартуға; мерекелік дастархандар жаюға; мектеп ғимараты мен аумағын шарлармен безендіруге рұқсат етілмейді.
Мемлекеттік туды алып шығу және гимнді орындау Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін пайдалану тәртібіне сәйкес жүргізіледі, – деп жазды ведомствоның баспасөз қызметі.
Министрлік БАҚ-та тараған кейбір мәліметтер туралы да түсініктеме берді.
«Балаларға экологиялық тәрбие беру, қоршаған ортаны ластамау, табиғат пен жануарларға қамқор болу мақсатында салтанатты жиын кезінде шарлар мен көгершіндерді пайдалану ұсынылмайды», - делінген ресми мәліметте.