Ақтөбе облысындағы бұралқы иттер енді малды қыра бастады

Еркеғали Болатұлы

Аудан орталығының өзінде аш иттер өріп жүр

фото: ашық дереккөз

Ақтөбе облысы Байғанин ауданының тұрғыны Нұрдәулет Ермекбаевтың қорадағы қойын түнде иттер талап өлтіріп, жартысын жеп кеткен.

Есіктің астынан қазып кірген. Әр жерін тістелеп жаралап, терісін жыртып жіберген. Бұндай жағдай өте көп, ал оған ешқандай шара қолданып жатқан жоқ, - дейді зардап шегуші.

Бұған дейін де бұралқы иттер тұрғындардың қорадағы малына шауып, төлдерін жеп кеткен. Аудан орталығының өзінде аш иттер өріп жүреді дейді жұрт. Аудан басшысы тығырықтан шығудың жалғыз жолы – иесіз иттерді қамап ұстайтын арнайы орын жабдықтаған. Ол жерге әзірге 20 шақты ит оқшауланбақ.

«Халықтың арасында түсіндірме жұмыстары жасалып жатыр. Иттерді байлап ұстау, артық ит ұстамау, оларды чиптеу жөніндегі жұмыстар атқарылуда. Ветстанса ауласынан итті қамау алаңын жабдықтап жатырмыз. Осындай жұмыстардан кейін оларға әрі қарай заң аясындағы іс-шаралар қабылданатын болады», - дейді Байғанин ауданының әкімі Қайрат Отаров.