Келесі жылдан бастап АЕК пен ең төменгі зейнетақы өседі
Заң жобасы «Ашық» НҚА сайтында талқылауға шығарылған
Келер жылдың 1 қаңтарынан зейнетақының ең төменгі мөлшерi 48 032 теңгеден 53 076 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін. Бұл туралы «Ашық» НҚА сайтында талқылауға шығарылған Қаржы министрлігінің «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет» жобасында көрсетілген, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жалақының ең төмен мөлшерi – 60 000, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері – 21 907, ал зейнетақының ең төмен мөлшерi – 53 076 теңге болып бекітілсін. Сонымен қатар жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне жұмсалатын қаражат 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 10,5 пайызға көтеріле отырып белгіленсін, – делінген құжатта.
Сонымен бірге келесі жылдың қаңтарынан АЕК мөлшері өседі. Биыл ол 3 180 болса, 2023 жылы – 3 450 теңге болмақ. Бюджет жоспарына сәйкес, ең төменгі күнкөріс деңгейі – 40 567 теңге болып бекітіледі.
Қоғамдық талқылау мерзімі қыркүйектің 8-не дейін.