×

Патриарх Кирилл Діндер съезіне келмейтін болды

Оның орнына басқосуға Ресейдің атынан шіркеудің ресми өкілдері қатысады

 Дастан Жұмабекұлы 25.08.2022 | 10:24
фото: zampolit.com

Елімізде 14-15 қыркүйек күндері өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне Мәскеудің және бүкіл Ресейдің патриархы Кирилл (әлемде Владимир Михайлович Гундяев) келмейтін болды.

Бұл туралы Мәскеу патриархатының шіркеудің шетелдермен байланысы жөніндегі бөлімінің басшысы, митрополит Антоний Волоколамский хабарлады.

Біз Қазақстанның қалыптасқан дәстүр бойынша қазіргі аумалы-төкпелі заманда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізіп келе жатқанын қолдаймыз. Бұл басқосуға Ресейдің атынан шіркеудің ресми өкілдері қатысады. Ал Мәскеудің және бүкіл Ресейдің патриархы Кирилл, өкінішке қарай, съезге қатыспайды. Сол себептен ол Рим папасы Францискпен кездесе алмайды, –  деді ол.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алғашқы съезі Қазақстанның экс-президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен 2003 жылғы 23-24 қыркүйек күндері Астанада өтті. Астанадағы алғашқы діни форумның жұмысына ислам, христандық, иудаизм, синтоизм, индуизм, буддизм діндерінің ең беделді өкілдері қатысты. Адамзат тарихында алғаш рет ірі діни қауымдастықтардың өкілдері бір залда бас қосты. Съезде христиандықтың барлық тармақтарының - православиенің, католицизмнің, протестанттықтың өкілдері болды. Ислам әлемі өздерінің өкілдерін жіберді. Форумға сүннизм мен шииіттік ағымдардың, ірі азиялық діндердің беделді қайраткерлері қатысты.

Конфессияаралық келіссөздерді орнатуға бағытталған осындай іс-шаралардың бірі алғаш рет Италияның Ассизи қаласында 1986 жылдың қазан айында өткен болатын. Содан кейін2002 жылғы қаңтарда әлем діндері мен конфессиялары өкілдерінің кездесуі өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама