Halyq Uni логотип
×

Астананың айналасында азық-түлік белдеуін құруға 625 млрд теңге бөлінеді

Осы арқылы тапшылықтың орнын толтырып, бағаны тұрақтандыру көзделген

 Динара Амантай 25.08.2022 | 10:09
Астананың айналасында азық-түлік белдеуін құруға 625 млрд теңге бөлінеді
Фото: Halyq Uni

Нұр-Сұлтан қаласының айналасында азық-түлік белдеуін құруға 625 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы кеше 24 тамызда елорданың бірнеше АӨК нысандарын аралап, қайта өңдеу кәсіпорындарының өкілдерімен кездескен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты.

Күн тәртібіндегі басты мәселе – бас қаланың айналасында азық-түлік белдеуін құру болды. Қазір қала тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ететін агроөнеркәсіптік кешеннің 56 субъектісі бар. Оның ішінде ұн тарту кәсіпорындары, нан зауыттары, шұжық өнімдері мен сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорындар, көкөніс базалары және жылыжай кешені жұмыс істейді.

Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, 2025 жылға дейін Нұр-Сұлтанның айналасында азық-түлік белдеуін құру аясында АӨК саласына 625,7 млрд теңге бағытталады. Бұл қаржыға 256 инвестициялық жобаны іске асыру, сондай-ақ оларға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ қуаттылығы жылына 10 мың тонна көкөніс болатын 2 жылыжай кешенінің құрылысы аяқталуға жақын.

Мұның барлығы маусымаралық кезеңде ауыл шаруашылығы өнімдері тапшылығының орнын толтыруға және елордалық базарларда бағаны тұрақтандыруға, сондай-ақ 2 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Министр кездесуге қатысқан кәсіпкерлерді осы жұмысқа белсенді қатысуға шақырды.

Бұдан бөлек, министр ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша Үкімет пен Ауыл шаруашылығы министрлігі қабылдаған дағдарысқа қарсы шаралар туралы айтып берді.

Атап айтқанда, биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау қолданыстағы субсидиялау қағидалары бойынша жүзеге асырылады. Ал 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап субсидиялаудың жаңа тетігі іске қосылады.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама