Тұрсынбек Қабатовтың қызының орнына ҰБТ-ға басқа тұлғаны кіргізген азаматқа қатысты сот үкімі шықты
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ
22 қарашада Нұр-Сұлтан қаласы №2 Алматы аудандық соты Н.Ж. Қанайға қатысты жалған құжаттарды жасау фактісі бойынша (Қылмыстық кодекстің 385-бабының 1-бөлігі) айыптау үкімін шығарды.
Нұрбек Жұмаханұлы Қанай – «Білім орталығы 140+1» ЖК жетекшісі.
Ол 2021 жылдың 12 тамызында мектеп оқушыларының ҰБТ-дан жоғары балл алып, білім беру орталығыныңоң имиджін қалыптастыру мақсатында ұйымдастыру техникаларын пайдаланып, 4 мектеп бітірушінің жеке куәлігіндегі фотосуреттерді ҰБТ тапсыруға дайындайтын басқа да тұлғаларға ауыстырған.
Куәгерлердің айғақтары; тәркіленген кеңсе жабдықтары; жалған құжаттар; жеке куәліктердегі фотосуреттерді ауыстыру туралы сот-техникалық сараптамасының қорытындылары; сотталушының кінәсін мойындау туралы айғағы анықталды.
Прокурор Н. Қанайдың жүріс-тұрысына пробациялық бақылау орната отырып, 1 жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындауды сұрады. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Қылмыстық кодекстің 385-бабының 1-бөлігі санкциясында (жалған құжаттарды жасау, жасау немесе өткізу) 2000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, түзеу жұмыстарына және 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, 2 жылға жейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыруды көзделген.
Еске салайық, 15 тамызда Абзал Құспан есімді заңгер танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың қызы Әдемі Аманғалидың орнына ҰБТ-да тест тапсыруға басқа адам кіргенін жазды. Оның айтуынша, 13 маусым күні Әдемі Тұрсынбекқызы Аманғалидың орнына тестілеуге ЕНУ-дың 2 курс студенті, грантта оқып жүрген Сымбат Қанай тест тапсыруға кірген. Тұрсынбектің қызы жалған құжат жасатқан.
Белгілі сатирик 16 шілдеде қызының репетиторымен (есімі – Нұрбек) телефон арқылы сөйлескен видеосын жүктеді. Әңгіме барысында оқытушының қылмыстық іске тікелей қатысы бар екені айтылған.
Репетитор: Негізі Әдемі (Тұрсынбек Қабатовтың қызы – авт.) дайындалып жүрді, бірақ ҰБТ-дан сол дайындығынан да жақсы алып, сіздерді тосыннан қуантайын деген ой болған...
Тұрсынбек Қабатов: Сен қызыма ештеңе айтпай, ҰБТ-ға барған кезде ол өзінің жеке куәлігімен кіріп, телефонын бергеннен кейін «саған іштегі қыз көмектеседі, сенің клавиатураңның астында жалған жеке куәлік тұр» деп айттың ба?
Репетитор: Иә, тестке кіретін кезде айттым.
Тұрсынбек Қабатов: Сен неге бізбен ақылдаспайсың? Сен үлкен қылмыстық іске барғаныңды білесің бе? Мен саған сендім ғой, жақсы репетитор болғаннан кейін. Әдеміге ҰБТ-дан жоғары баллдың қажет емес екенін онсыз да білесің. Оның шетелге оқуға түсейін деп жатқанын білесің. Мен біреудің аузын жырып, грантын жұлып алғым келіп тұрған жоқ. Видео салсам да, жазсам да ешкімді сендіре алмаймын. Анау қызды танымаймын, - дейді Тұрсынбек Қабатов.
Қабатовтың «Сен клавиатураның астына құжатты қай уақытта барып тығып жүрсің?» деген сұрағаны репетитор еш саспастан заң бұзғанын айтты.
Мен өзім түске дейін ҰБТ-ға кіріп, тест тапсырып шықтым, сол кезде қойып шықтым. Қателікпен болған нәрсе. Өзі тапсырса да 90-100 балл алатын еді, - деп жауап берді репетитор.
Биыл 15 маусымда ҰБТ-да төрт түлектің орнына кірмек болған ЖОО студенттері ұсталды. «Әділдік жолы» атты республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов жалған құжат жасаған түлектер мен студенттердің есімін жариялап, бұл жағдайға байланысты елордалық білім беру орталығының өкілдері де қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.
Жалған құжат жасаған, ҰБТ-ға бөгде тұлғаның кіруіне жол берген түлектер мен студенттердің есімі: Сымбат, Әдемі, Нұрислам, Темірлан, Саодат, Дана, Бексұлтан, Нұрлыбай.