Қаңтар оқиғасына қатысқандар сотталып кетіп жатыр
Сот барысында олардың істеген істеріне шын жүректен өкінетіндіктері де ескерілді
Өскемен қаласында қаңтар оқиғасына қатысқан 3 адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды ШҚО Прокуратурасы баспасөз қызметі.
Ведомство мәліметіне сүйенсек, қаңтар оқиғасында жаппай тәртіпсіздікке қатысқан Өскемен қаласының 3 тұрғыны сотталды.
Қалалық сотта Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 272, 380-баптары (Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу, билік өкілінің өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолдану) бойынша іс қаралды. Сотталушылар өз кінәсін мойындау туралы прокуратура қызметкерлерімен процессуалдық келісім жасасқан. Сот барысында олардың істеген істеріне шын жүректен өкінетіндіктері де ескерілді, - делінген ақпаратта.
Сот шешімімен екі айыпталушы төрт жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылса, үшінші сотталушы 4 жыл екі айға бас бостандығынан шектелді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.