×

«Каспиімде ақша жоқ»: алматылық әйел балаларын не үшін суға батырмақ болғанын айтты

Құтқарушылар келіншектің бастапқыда 3 және 4 жасар қыздарын тұншықтырып, кейін өзі де қолындағы сәбиімен суға батқысы келгенін айтқан

 Халық үні 24.08.2022 | 21:20
коллаж: Halyq Uni

Алматыдағы Сайран көліне балаларын батырмақ болған әйел, мұндай әрекетке жоқшылықтан барған болуы мүмкін. Ол бұл туралы балаларын судан құтқарған мамандарға айтып берген, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы. 

Телеарна хабарлауынша, оқыс оқиға түскі уақыттар шамасында Сайран көлінде болған. 3 баласын ертіп бірден киіммен суға кірген әйелді құтқарушылар байқаған. Олар келіншектің бастапқыда 3 және 4 жасар қыздарын тұншықтырып, кейін өзі де қолындағы сәбиімен суға батқысы келгенін айтқан.

Құтқарушы Ершат Далабаев бүлдіршіндерді ажалдан арашалап қалған. Ол балғындарды жағаға алып шыққандардың бірі. 

«Қарапайым киіммен келіп, суға кіріп кетті. Мойнына дейін келетін жерге суға кіріп сосын екі баласын мойнынан ұстап суға батырды. Соны көріп жүгірдім. Мен жеткенше 2 бала суға тұншығып жатты. Екеуін шығарып әріптестерім жүгіріп келді соларға бердім. Сосын әйел мен кішкентай 1 жарым жасар қызын шығарып алдық», – дейді Алматы қалалық құтқару қызметінің құтқарушысы Ершат Далабаев.

Келіншек мұндай әрекетке не үшін барғанын құтқарушыларға айтып берген.

«Сұрадық не себеп болды деп едік, сіздер мені түсінбейсіздер. Сол отбасылық жағдай екен. Каспиімда ақша жоқ. Телефоным бірлікте де ақша жоқ таксиға деп шағымданды», – дейді Далабаев.

«Құтқарып алғаннан кейін 3 баласын кіргізіп, жылытқыш қосып, үстіндегі су киімдерін шешіп, барлығын жылы көрпеге орап отырғызып қойдық. Әйел адаммен сыртта сөйлестік ол кісі түсініксіз халде болды да ақшам жоқ дед», –дейді құтқарушы Сәби Ержанов.

26 жастағы келіншек отбасымен Алатау ауданындағы 3 бөлмелі пәтерде тұрады. Жолдасы түрмеде қызмет етеді. Өзі 3 баламен үйде отыр. Төртінші баласына жүкті көрінеді.

«Бұл әйел біздің орталығымызда тіркеуде тұрған. Жалпы келіншек туралы көршілері жақсы пікірде емес. Балаларына тамақ бермейді. Өмірі аш жүреді. Бұрын да оларды өлтірмек болған екен. Суға батырамын деп күйеуіне хабарласқан. Жолдасы көршілерге айтып, оны дер кезінде тоқтатқан», – дейді Алатау аудандық «Бақытты отбасы» орталығының басшысы Ақмарал Басирова.

Осы оқиғадан кейін балалардың анасын психоневрологиялық орталыққа жатқызыпты. Бүгін қоғамдық денсаулық басқармасы әйелді үйіне шығарғанын айтты. Енді тасбауыр әйелдің әрекетін полиция тексермек.

«Аталмыш дерек қазіргі Әуезов аудандық Полиция басқармасында тергелуде. Тиісті тергеу амалдары және процессуалдық әрекеттер жүргізілу үстінде», – дейді полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Ал бөбектер дәрігерлердің бақылауында болды. Қазір үшеуінің жағдайы жақсарған. Ауруханадан шығарылып әжесінің қарауына берілген.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыдағы Сайран көліне үш баласын тұншықтырып өлтірмек болған келіншек туралы жазған болатынбыз

Серіктес жаңалықтары

Сараптама