×

«Қазақмыс», Jusan Bank: Алматыда белсенділер бірқатар компанияны мемлекет меншігіне қайтаруды талап етті

Elge Qaitaru қорының өкілдері президентке хат жазды

 Халық үні 24.08.2022 | 18:33
Коллаж: Халық үні

Мемлекеттен заңсыз шығарылған қаржыны елге қайтаруды мақсат ететін Elge Qaitaru қорының өкілдері президентке хат жазып, бірқатар кәсіпорын мен банкті мемлекет меншігіне өткізуді сұрады.

Болат Әбілов пен Оразалы Ержанов баспасөз мәслихатын өткізіп, президент пен құзырлы органдарға «КарМедКомбинат», «Қазақмыс» сияқты кәсіпорындарды мемлекет меншігіне қайтаруды сұрап хат жолдағандарын айтты.

«Қазір «Қазақмыстың» елге белгілі Владимир Ким, Эдуард Огай, Олег Новачук деген үш акционері бар. 2010 жылы Қазақстан үкіметі «Қазақмыстың» 26% акциясын сатып алған. Соны санағанда сол уақытта кәсіпорын құны 16 миллиард доллар болған. «Қазақмыс» бір ғана кәсіпорын емес, оның құрамында ондаған кәсіпорын бар. Біз биліктен осы кәсіпорындарды мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарауды сұрап отырмыз», – деді Ержанов.

Сондай-ақ Оразалы Ержанов Jusan Bank және «АТФ Банк» жөнінде айтты. Оның сөзінше, бюджеттен қыруар қаржы бөлінген банктер мемлекет меншігіне өтуге тиіс немесе банк мемлекеттен алған ақшаны қайтаруы керек.

«Jusan Bank «Цесна Банк» кезінде тығырыққа тірелді, сол кезде біздің ел 636 миллион доллар берген. Екіншісі – «АТФ Банк». Ол банкты құтқару үшін елден 400 миллион доллар берілген. Бұл екі банк қосылғаннан кейін жағдайды жеңілдету үшін мемлекет тағы да 300 миллион доллар сыйлық жасаған. Жалпы айтқанда 1 миллиард 300 миллион доллар сыйлықтың арқасында Jusan Bank қазір жұмыс істеп отыр. Заң, экономика, барлық жағынан қарасақ та, бұл банк 100% мемлекет меншігінде болуы керек. Осы банкты елдің меншігіне қайтару керек немесе олар 1 миллиард 300 миллион доллар қаржыны бюджетке қайтаруға тиіс», – деді Ержанов.

Оразалы Ержанов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев туыстарына активтерін сатуға тыйым салуын сұрап хат жазғанын айтты.

«Қазақтелекомның» жанынан құрылған «Қамқор менеджмент» компаниясы туралы жаздық. Біздің өтінішіміз қаралып жатқан кезде сол компанияға қатысы бар Тимур Құлыбаев « Қамқор локомотив» және «Қамқор вагон» деген екі кәсіпорынды көршілес Ресейдің олигархына сатты деген хабар келді. Сондықтан осы жолы хатта президент Тоқаевқа «біздің ел «Жаңа Қазақстанға» өтіп болғанша Назарбаев жанұясының өкілдеріне активтерін сатуға тыйым салу керек» деп өтіндік», – деді Ержанов.

Айта кетейік, бұған дейін Elge Qaitaru қоры Қасым-Жомарт Тоқаевтан ел байлығының жартысы тиесілі 162 адамның атын атауды сұрады.

Есдәулет Қызырбекұлы, Алматы қаласы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама