Жамбыл облысында бір ЖШС-ға берілген 60 мың га жер мемлекетке қайтарылды

Динара Амантай

Учаскенің кадастрлық бағалау құны 336 млн теңгені құрайды

Фото: Halyq Uni

Жамбыл облысында 60 мың гектар жайылымдық жер мемлекетке қайтарылды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, антикоррупциялық мониторинг барысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы ірі жер учаскесін пайдаланбау фактісі анықталды.

Сарысу ауданы әкімдігінің 2006 жылғы 18 шілдедегі шешімімен «БН Экотехнология» ЖШС-на 49 жыл мерзімге 60 000 га жайылымдық жер уақытша пайдалануға берілді. Бұл ауданның барлық жайылымдық алқаптарының 10,2%-ын құрайды. Алайда бүгінгі күнге дейін «БН Экотехнология» ЖШС мал басын тіркеу жүргізілмеген, демек, жайылымдық жерлер мақсатқа сай пайдаланылмаған, – делінген хабарламада.

Осыған байланысты Департамент Жамбыл облысы әкіміне биыл 28 шілдеде аталған серіктестіктен жерді мәжбүрлеп алып қою бойынша шаралар қабылдау туралы хат жіберген. Соның негізінде 19 тамызда Сарысу ауданының әкімдігі мемлекетке 60 мың га жерді қайтарды.

Учаскенің кадастрлық бағалау құны 336 миллион теңгені құрайды.

Еске сала кетсек, бұған дейін Жамбылда ауылдың бұрынғы әкімі мен қазіргі әкімі 4 гектар жерге таласып жатқаны туралы жаздық.