×

Рим папасының Қазақстанға кімнің есебінен келіп-кететіні айтылды

Қазақстан тарапы Рим папасының қайтар жолын төлейді

 Айнұр Шошаева 24.08.2022 | 15:05
Коллаж: Халық үні

Елордада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысушылар Қазақстанға өз қаржысына келеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Айта кетейік, 13-15 қыркүйек аралығында елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі өтеді. Бұған дейін ұйымдастырушылар съезге Рим папасы қатысатынын хабарлады.

Әзірге съездің бюджеті туралы нақты ақпарат жоқ. Алайда қонақтардың кейбірі өз қаржысына келеді.

«Әлемнің басқа елдері сияқты Қазақстанның жыл сайын халықаралық шараларға жұмсайтын шығыны бар. Кейбір қатысушының өз қаржысы немесе демеушілер қаражаты есебінен қатысуы да қарастырылған. Мысалы, съезге дайындалу және ұйымдастыру жұмыстарымен хатшылық айналысады. Съезд хатшылығы өз қызметін тегін атқарады, бұл қаржыландыруды қажет етпейді», - деп жауап берді съездің ресми өкілі Назым Жанғазинова редакция сауалына.

Биыл съезге әлемнің 51 елінен 100-ден астам делегация қатысады. Атап айтқанда Рим папасы Франциск, әл-Азхардың жоғарғы имамы шейх Ахмад ат-Тайеб, Израильдің бас ашкенази раввині Давид Лау, Израильдің бас сефард раввині Ицхак Иосиыф, Иерусалим православие шіркеуінің патриархы Феофил III және басқа да көрнекті діни жетекшілер бар.

Сондай-ақ биыл алғаш рет Үндістанның ежелгі діні джайнизм өкілдері қатысады.

Шараға БҰҰ, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен саясаткерлер шақырылды.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысқаны үшін Рим папасы Францискке, сондай-ақ съездің басқа қатысушыларына Қазақстан тарапынан ақы төленбейді. Рим папасы Қазақстанға өз қаржысына келе жатыр. Қазақстан тарапы оның қайтар жолының шығынын ғана төлейді, - деп толықтырды ресми өкіл.

Ұйымдастырушылар осылайша қазақстандықтардың қонақжай екенін көрсетуді жоспарлап отыр.

Сондай-ақ съезге келетін қонақтардың қайда орналасатыны айтылды.

«Рим папасы Францисктің апостолдық (мемлекеттік) сапарына, сондай-ақ басқа да көрнекті рухани жетекшілердің келуіне байланысты Қазақстанның әр өңірінен және көршілес елдерден қонақтар мен қажылар келеді. Олар қонақүйге өз қаражатына орналасады», - деп түйіндеді съездің ресми өкілі.

Айта кетейік, бұған дейін Рим папасы Франциск Қазақстанға мемлекеттік сапармен келетіні хабарланды.

Ол 13-15 қыркүйекте еліміздің жоғары басшылығымен кездеседі, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама