Тоқаев Бакуге ресми сапарында Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен кездесті
Мемлекет басшысы ресми сапармен Әзірбайжанға барды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бакуге ресми сапарында Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен кездесті.
Қазақстан президенті Әзербайжанға ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Ильхам Әлиевке алғыс айтты.
«Ең алдымен бізге көрсеткен қонақжайлығыңыз үшін сізге ризашылығымды білдіремін. Бұл – Қазақстан Президенті ретінде алғаш рет ресми сапармен келуім. Бұл сапардың мен үшін мән-маңызы айрықша. Бүгін бірқатар өте өзекті мәселелер туралы пікір алмасулар болады. Келіссөздер нәтижесінде бірқатар құжатқа қол қойылмақ. Ол екіжақты ынтымақтастықты, қазақ-әзербайжан қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтереді деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ильхам Әлиев өзінің шақыруын қабыл алып, Әзербайжанға ресми сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, Қазақстан президентінің Бакуға келуі екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретінін атап өтті.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алу рәсімі Әзербайжан президентінің «Загульба» резиденциясында өтті.