×

Журналистер «Болашақ» бағдарламасы арқылы тағылымдамадан өте алады

Құжат қабылдау 5 қыркүйекте басталады

 Дәурен Ерболат 24.08.2022 | 13:13
Фото: inform.kz

Енді БАҚ қызметкерлері «Болашақ» бағдарламасы арқылы тағылымдамадан өте алады, деп хабарлайды Халықаралық бағдарламалар орталығының баспасөз қызметі.

Журналистер, режисерлер, операторлар, графистер шетелдің беделді ұйымдары мен университеттерінде «Операторлық өнер», «Режиссура», «Журналистика», «Визуалды әсерлер. 3D анимация» және тағы басқа мамандықтар бойынша біліктілігін арттыра алады.

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозиннің айтуынша, «Болашақ» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өте алатын қызметкерлердің тізімі жыл сайын артып отырады.

Орталық қазақстандық мамандардың кәсіби өсу мүмкіндіктерін кеңейту бойынша мақсатты жұмыс жүргізеді. Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері де «Болашақ» бағдарламасымен беделді шетелдік университтер мен ұйымдарда тағылымдамадан өте алады. Бұл еліміздегі медиа кеңістігінің дамуына оң әсерін тигізеді деп ойлаймын, - деді Әнуар Жанғозин. 

Тағылымдамадан өтуге үміткерлердің жалпы жұмыс өтілі 3 жылдан кем емес болуы тиіс, оның ішінде соңғы 12 айда таңдаған мамандығы бойынша жұмыс істеуі тиіс. Сондай-ақ шетелдік ұйымнан шақыру мен нәтижесі В1 деңгейінен кем емес ҚАЗТЕСТ сертификаты болу керек.

Тағылымдамадан өту үшін халықаралық стипендияны тағайындауға конкурстық іріктеуге құжаттар қабылдау биыл 5 қыркүйекте басталып, 14 қазанға дейін жалғасады.

Өтінімдер Egov.kz мемлекеттік қызметтер порталында қабылданады. Биыл тағылымдама бағдарламасы бойынша қызметкерлердің 7 санаты үшін 110 стипендия бөлінді. Олардың қатарында инженерлік-техникалық қызметкерлер, медициналық қызметкерлер, мәдениет, туризм және спорт саласының қызметкерлері, БАҚ қызметкерлері, АӨК қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері.

Тағылымдамадан өтуге үміткерлер кепілге мүлік ұсынбайды. Міндеттемелерді орындау үшін екі гарант ұсыну ғана жеткілікті. Гарант ретінде соңғы 12 айда тұрақты табысы бар 50 жасқа дейінгі Қазақстан азаматы болуы тиіс.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама