Коронавирусқа қарсы вакцина алған адамның денесіне магнит тартыла ма?
Графен оксидінің адам ағзасына теріс әсері дәлелденбеген
Әлеуметтік желілерде СOVID-19-ға қарсы екпе алған адамның денесіне магнит тартылады деген ақпарат тарап жатыр. Бұл мәлімет фейк болып саналады, деп хабарлайды stopfake.kz.
Желіде тараған видеода ер адамның қолына магнит жақындатқанда, оның тартылғанын көруге болады.
Бұл видеодағы адам коронавирусқа қарсы вакцинаны 3 рет алыпты-мыс. Осылайша, инъекция орнында графен оксиді жиналған. Магниттің тартылуына осы себеп болған. Алайда бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Видеоның қайда түсірілгенін дәлелдеу мүмкін емес. Ондағы адамның вакцина алған-алмағаны белгісіз.
Әлеуметтік желіден осыған ұқсас видеоны оңай табуға болады. Алайда олардың сипаттамасында бұл адамдардың терісінде металл бөлшектері бар екені жазылған. Сондықтан видеодағы ер адамның терісінде графен оксиді емес, металл бөлшектері бар болуы мүмкін.
Сондай-ақ графен оксиді – парамагнетик, яғни ол тек күшті магнит өрісі болған жағдайда магнитке тартылады.
COVID-19-ға қарсы вакциналардың құрамында графен оксиді жоқ.
Сонымен қатар шетелдік фактчекерлер Еуропалық парламент комиссиясы коронавирусқа қарсы екпелерде, маскаларда және ПТР-тестілеу жиынтықтарында графен оксидінің болатыны туралы теорияларды жоққа шығарды.
Графен оксидінің адам ағзасына теріс әсері дәлелденбеген. Өйткені, ол салыстырмалы түрде жаңа материал болып саналады. Оның әртүрлі жағдайларда адам ағзасына әсері туралы толық зерттеу жүргізілмеген. Сондықтан әлеуметтік желілерде тараған СOVID-19-ға қарсы екпе алған адамның денесіне магнит тартылады деген ақпарат фейк болып саналады.