Каспий теңізінде қырылып жатқан итбалықтар енді адамға шабуды жиілетті
Экологтар олардың адамдарға жақындауын жақсылыққа жориды...
Қазір Ақтауда итбалықтардың адамға шабуылы жиілеген. Соңғы бір аптада су жануарынан бірнеше адам зардап шеккен. Оның екеуі – жасөспірім.
Қала іргесіндегі демалыс орындарының бірінде шомылып жүрген кәмелетке толмаған қыздар сол жердегі итбалықты байқамаған. Ол күтпеген жерден шабуылдап, біреуінің қолын, арқасын және иығын тістелеп тастаған.
Сондай-ақ облыс орталығынан қашықтау жердегі жағажайда тағы бір итбалық 26 жастағы жергілікті тұрғынды талаған. Оның да денесі бірнеше жерінен тістелген.
Су жануарын көрдім, бірақ оны өзіме атылады деп ойламадым, - дейді әрең қашып құтылған зардап шегуші.
Жалпы, биыл жазда итбалықтардың теңіз жағасынан көрінуі жиілеген. Экологтар олардың адамдарға жақындауын жақсылыққа жориды. Дегенмен сақтану керектігін де ескертіп отыр.
Итбалықтың өзінің жабайы әлемінде өмір сүріп жатқан жыртқыш екенін ұмытпауымыз қажет. Өмірге қауіп төндіретін жағдай болмас үшін оны көргенде судан қашып шыққан дұрыс. 20-30 минут күтсеңіз, өзі-ақ кетіп қалады, - дейді «Эко Маңғыстау» ҮЕҰ директоры Кирилл Осин.
Еске сала кетсек, биыл Каспий жағалауынан барлығы 220 итбалықтың өлексесі табылған болатын. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі олардың қырылуын мұнай таситын кемелердің табанына түсіп қалуымен байланыстырғанмен, нақты себептерін атай алмады. Құтырма ауруы жоқ болса да адамға не үшін шабуылдай бастағаны тағы белгісіз.