«20 литр құйып, мазақ қылды»: Шымкентте дизель тапшылығынан шетелдіктер де жолда қалды

Назерке Еркінбекқызы

Шымкентте жүк көлігі жүргізушілері дизель отынын таппай жүр

Halyq Uni

Шымкентте дизель тапшылығы туындап, жүк көлігі жүргізушілері жанармай құю бекеттерін аралап жүр. Жанармай іздеген жолаушылар тағы да ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр. Олардың сөзінше, жанармай бекетінде дизель отыны 20-30 литрден сатылады, сондықтан көлік жүргізушілері бірнеше бекетке барып жинайды.

Сондай-ақ көлік жүргізушілері шетелдіктерге мұндай шектеу жоқ екенін айтып наразылық білдірді.

Шетелден келген көліктерге дизельді еш қиындықсыз, шектеусіз сатып жатыр. Олар үстіне ақша қосса болды. Ал біз барсақ, бірден жоқ дейді. Үстіне 5-10 мың теңге берсең, 200-300 литр құйып береміз деп отыр. Ал біз оған көнбейміз. Бізге литрін 260 теңгеден сатқысы келмейді, шетелдік көліктерге 300 теңгеден сатады, - дейді түркістандық Ильер Әкімов.

Ер адам жүк көлігімен Мәскеуге жолға шыққан. Осылай жанармай іздеп жүргеніне бір апта болыпты.

«Бірнеше жанармай бекетіне барып 100 литрді әрең жинадым. Осылай істемесек, басқа амал жоқ. Бір жерге барсам, 20 лирт құйып, мазақ қылды. Ал қаладан шыққан соң жанармай бекетін табу қиын. Қолымызда талон болса да, солярка бермей сорлатып қойды», - дейді ол.

Қазақстандықтардан бөлек жанармай тапшылығына байланысты шетел азаматтары да жолда қалған. Олар дизель отыны 1-2 сағатқа ғана жететінін айтып, көліктегі қауын-қарбыз бүлінуі мүмкін екенін жеткізді.

Олар дизель отынының литрін 450 теңгеден сатып алуға да келіскен.

Дизель 1-2 сағатта таусылады. Бір жерге барсам, жанармай бекетінде жоқ екен. Телефон арқылы жан-жақтан сұрап жатырмыз. Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген көліктерге литрі 450 теңге деп айтыпты, келіп сұрасақ, ол да таусылған, - дейді өзбекстандық Өткір Мансұров.

Энергетика министрлігің хабарлауынша, жүргізуші куәлігі қолында болса, бір көлікке 100 литр дизель отынын құяды. Жанармайдың литрі 230-260 теңгеден сатылады. Жүргізуші куәлігі мен техникалық паспорт болған кезде жүк көлігі үшін лимит тәулігіне 300 литр деп бекітілген. Бұл тізімде көрсетілмеген адамдарға және 300 лиртден көп дизель отынын құйдыру үшін литрін 450 теңгеден алады.

23-тамыздағы ақпарат бойынша, еліміздегі мұнай базаларындағы және жолдағы АИ-92 бензинінің жиынтық қоры 183,3 мың тоннаны, ал дизель отынының қоры 221,7 мың тоннаны құрайды.