Ауыл тұрғындары қазіргі әкімді қолдап отыр
Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданына қарайтын Ақыртөбе ауылының бұрынғы әкімі мен қазіргі әкімі 4 гектар жерге таласып қалды. Жергілікті тұрғындар қазіргі әкімнің жағына шықты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Ауылдың бұрынғы әкімі 13 жыл бұрын 4 гектар жер телімін мемлекетке сатқан. Тұрғындардың айтуынша, ол бұрын сатқан жерін сот арқылы қайтарып алғысы келеді.
Ақыртөбе ауылының тұрғындары әкіммен бірлесіп кәсіпкер әрі бұрынғы әкімге қарсы шықты. Олардың сөзінше, жер телімін толық қайтаруға әкімдіктің әлі келмей жатыр.
Халық жерден айырылып қалайын деп тұр. Ел жерден айырылып қалса, онда бізде ешқандай спорт нысаны болмайды. Мәдениет сарайы салынбайды. 4 гектар жер атқораға айналады. Ол жерде өзін осы жердің иесі жариялаған кәсіпкердің жылқысы жайылып жүр. Келешекте бұл жерді жылқы бағатын шаруашылыққа айналдырғысы келеді, - дейді тұрғындар.
Әкім мен тұрғындардың сөзінше, жердің қожайыны 2009 жылы жер телімін бірнеше нысанмен бірге мемлекетке 18 миллион теңгеге сатып жіберген. Сол уақыттан бері ол жерде лицей мен колледж бой көтеріп, кейін жабылған.
Жер екі жыл бұрын Ақыртөбе ауыл округінің теңгеріміне өткен. Ол 4 гектар жерге әкімдік спорт кешенін салуды жоспарлаған. Алайда бұл жоспары орындалмай келеді. Себебі жердің бұрынғы иесі оны сатпағанын мәлімдеп, әкімдікті сотқа сүйреген.
«Егер сот барысында бұрмалану болса, әділ шешім шықпаса, ауылдың жастары жиналып Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолын толық жауып тастап, қарсылық танытамыз. Бұл жердің құжатының бәрі әкімдікте тұр. Бұл – халықтың жері, кәсіпкердің қақысы жоқ», - дейді Ақыртөбе ауылының тұрғыны Мақсұт Садықұлы.
Ауыл әкімі де жерді жеке кәсіпкерге бермейтінін айтып, соңына дейін соттасуға дайын екенін жеткізді. Ал ол жерге спорт кешенін салу жұмыстары қыркүйекте басталады. Жоба құны – 320 миллион теңге. Одан бөлек саябақ, мәдениет үйі салынады, ескерткіш орнатылады.
Құрылыс жұмыстарын жүргізе береміз! Сот процесіне қарамаймыз! Жер біздің Ақыртөбе ауылдық округі әкімдігі аппаратының теңгерімінде. Апелляцияға береміз, аудандық сотқа, Жоғарғы сотқа барамыз. Ол жерде сатылғанын дәлелдейтін келісімшарт бар, - дейді Ақыртөбе ауылдық округінің әкімі Бауыржан Ахметов.
Бизнеске бет бұрмастан бұрын ауылды басқарған жер иесі өзінің жерін саудаға салмағанын, тек нысандарды ғана сатқанын айтты. Сондай-ақ жергілікті әкімдік жерге жалған құжат жасады деп күдіктеніп отырғанын да жасырмады. Әкімдік ауыл тұрғындарын айдап салып, ағайын-жұрттың арасында алауыздық тудырып отыр, дейді Ақыртөбе ауылының бұрынғы әкімі Әлен Сейітбеков.
«Ауылдың әкімі өтірік істеп отыр. Мұнда былық көп. Мен кезінде жерімді сатқан жоқпын. Тек сол жерде соғылған нысандарды ғана саттым. Былықты бастап отырған – аудандық жер комиссиясының бастығы. Мен оны сотқа беремін. Жердің мемлекеттік актісі менде тұр. Онда жер мен ол жердегі нысандар «бөлінбейді» деп тұр. Ол алады да, біреуге береді», - дейді Әлен Сейітбеков.
Әкімдік сотта жеңетініне сенімді. Сотта бұрынғы әкім жеңсе, 4 гектар жерге колледж тұрғызады, ал қазіргі әкім жеңсе, спорт кешенін салады.