Ұлттық ұлан басшылығы Абылай Сабыровтың өліміне әскери қызметінің қатысы жоқ екенін мәлімдеді
Алматыда өзін атып өлтірген Ұлттық ұланның келісімшарт бойынша әскери қызметшісі туралы тың деректер жарияланды, деп хабарлайды Halyq Uni.
ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Ниязтай Әлкешевтің айтуынша, оқиға аса маңызды мемлекеттік нысанды күзету кезінде болған.
22 тамызда сағат 15:15 шамасында аса маңызды нысанды күзету кезінде қатардағы келісімшарт бойынша қызмет өтеуші Абылай Сабыров өз тапаншасымен басына жарақат салып, содан қаза тапты. Бұл сарбаздың қазасы әскери қызмет атқаруға байланысты емес. Оның ата-анасы сағат үш шамасында Текелі қаласына алып кетті. Әскери бөлімге, Ұлттық ұланға ешқандай арыз-шағымы жоқ, - деді ол.
Сондай-ақ қайтыс болған әскери қызметшінің қызметіне қатысты мәлімет берілді. Ол бұған дейін Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығында мерзімдік қызмет атқарған. 2021 жылдың 5 қазанында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына шартты қызметке келген.
«Абылай Сабыров қызметін жақсы атқарды. Оның құжаттары Жоғарғы бас қолбасшыға беріліп, әрі қарай да жоғары лауазымға тағайындалуы керек еді. Бірақ өз-өзіне қол жұмсағандықтан, оның бәрі тоқтатылды. Қазір «Оңтүстік» өңірлік әскери тергеу басқармасы осы жағдай бойынша қылмыстық іс қозғап, мән-жайды тексеріп жатыр Ұлттық ұланның бас қолбасшылығы қазір қызметтік тексеріс жүргізіп жатыр. Осы сәтті пайдаланып, Ұлттық ұлан мен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының атынан қатардағы Абылай Сабыровтың ата-анасына көңіл айтамыз», - деп толықтырды Әлкешев.
Сондай-ақ Ниязтай Әлкешев әскери қызметші күзетке қайғылы оқиға болардан бір сағат бұрын түскен.
Аса маңызды мемлекеттік нысанды күзеткен. Әскери қызметші болғандықтан, күзетке қарумен түсеміз. Тапсырылған нысанды қарумен қорғаймыз. Күзетке кеше жалғыз түскен, - деп нақтылады ол.
Оқиғаның қалай болғанын көрген куәгерлер жоқ. Тергеу барысында оқты қалай атқаны анықталады.
«Қалалық жедел медициналық жәрдем шақырылды. Олар келген кезде тірі болды. Маңдайынан атқан. Сарбаздың өлімі әскердегі қызметімен байланысты емес. Оған ешқандай физикалық немесе моральдық қысым көрсетілмеген», - деп қорытындылады «Оңтүстік» өңірлік қолбасшысының тәлімгер және әлеуметтік істері жөніндегі орынбасары Ниязтай Әлкешев.
Айта кетейік, Алматыда 22 тамызда қызметтік міндетін орындау кезінде әскери қызметші Абылай Сабыров өзін-өзі атып, алған жарақатынан қайтыс болды.
Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға сағат 15:15 шамасында болған.
«Қызметтік міндетін орындау кезінде келісімшарт бойынша әскери қызметші Сабыров Абылай Берікұлы (2001 жылы туған) 3650 әскери бөлімінде Алматы қаласында өзіне бекітілген тапаншамен өзін-өзі атып, алған жарақатынан қайтыс болды», - делінген ақпаратта.