Ақтөбеде қоқыс полигонының бір жазда 13 рет өртенуінің себебі айтылды

Дәурен Ерболат

Қоқысты сақтау талабын дұрыс орындамаған «Табыс Актөбе» компаниясына 495 мың теңге айыппұл салынған

Фото: diapazon.kz

Ақтөбеде қоқыс полигоны тағы өртенді, деп хабарлайды «Мой город».

Бүгінде оқиға орнында 40 адам жұмыс істеп жатыр. Қаладағы Астана ауданы ТЖБ басшысы Данабек Иманғазиннің пікірінше, тұрмыстық қалдықтар тасталатын полигонның жұмысын тоқтату керек.

Мұнда қоқыстар 10 метр тереңдікте жатыр. Тіпті одан да терең болуы мүмкін. Өртті сөндіріп жатырмыз. Бірақ олар қайта тұтанып жануда, - деді басшы.

Биыл жазда қоқыс полигоны 13 рет өртенген. Қоқысты сақтау талабын дұрыс орындамағаны үшін «Табыс Актөбе» компаниясына 495 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.

«Полигонның жұмыс істеп тұрғанына 20 жыл болды. Ескі полигонның жанында жаңасы ашылады. Ол қыркүйектің соңына дейін берілуі керек. Ескі қоқыс полигонындағы биіктігі 15-20 метр болатын қалдықтарды топырақпен жабамыз», - деді «Табыс Ақтөбе» ЖШС басшысының міндетін атқарушы Асанәлі Қайдаров.