Halyq Uni логотип
×

Әлібек Қалбайдың өлімі: туыстары марқұмның мәйітін қазып алып, қайта сараптама жасатқан

Әскер қатарында жұмбақ жағдайда қайтыс болған сарбаздың өліміне қатысты сот процесі басталды

 Халық үні 23.08.2022 | 16:08
Әлібек Қалбайдың өлімі: туыстары марқұмның мәйітін қазып алып, қайта сараптама жасатқан
Halyq Uni/Yesdaulet Qyzyrbekuly

Алматы гарнизоны әскери сотында Жамбыл облысындағы Гвардейск әскери қалашығында қайтыс болған Әлібек Қалбайдың қазасына байланысты сот процесі басталды. Істі судья Қанат Естай қарап жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Жәбірленуші тараптың қорғаушысы Күлайым Шынтаева қылмыстық істің дұрыс тергелмегенін айтады. Оның сөзінше, Әлібек Қалбайдың өліміне бір сарбазды ғана кінәлі деп тануға болмайды.

«Тергеу жалған куәгерлердің қатысуымен өткізілген. Бұл жерде іс үстіртін жүргізілген. Тергеу сотында әділдік айтылып, айыпталушылардың кінәсі дәлелденеді деп ойлаймын. Бұл жерде жалғыз сарбазды ғана кінәлі қылып, сол сарбазды ғана жазалауға жұмыс істемеуі керек. Бұл жерде офицерлер мен сержанттар жауапты деп ойлаймыз. Сол күні (Әлібек Қалбай қайтыс болған күні – Halyq Uni) сол жерде болған барлық офицер мен сержанттан жауап алынып, мүдделі тұлғалардың жауапқа тартылуын талап етеміз», - дейді Шынтаева.

Адвокат куәгерлердің бірінші тергеу мен қазір сот барысында берген жауабы бір-біріне қарама-қайшы екенін айтты.

Бүгін жауап берген офицерлердің бірінші тергеу мен сот тергеуінде берген жауаптарында қарама-қайшылық болды. Қарама-қайшылық көп болғандықтан біз көптеген сұраққа қайта жауап алып жатырмыз, - дейді ол.

Шынтаеваның сөзінше, қазір Қылмыстық кодекстің 453-бабы («қызметке салғырт қарау») бойынша жауапты офицерлердің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Қазір ол іс қаралып жатыр. Іс құпия болғандықтан күдіктілер жөнінде ешқандай дерек жоқ.

Әлібек Қалбайдың әжесі Болдық Құлмағамбетоваға бастақыда немересінің астан уланып қайтыс болғанын айтылған. Осылайша істі жабуға тырысқан. Алайда мәйітті үйіне алып барғанда денесінде сау жері болмаған.

«Басында кашадан уланып, сапта тұрғанда құлап, қайтыс болды деді. Олар істі солай жауып тастамақ болды. Бірақ біз оны жаптырмадық. Баланы табытқа салып алып келді, денесінің сау-тамтығы жоқ, түгел көгерген. Біз сараптамаға сенбей, Ақтауда тағы сараптама жасаттық. Баланы 25 сәуірде жерледік, 26 сәуірде мәйітін қазып алып, қайта сараптама жасаттық», - дейді Құлмағамбетова.

Күдікті Айболат Аманжоловтың адвокаты Сержан Пралиев тергеуге көңілі толмайтынын айтты. Оның сөзінше, жалғыз куәгер екі түрлі жауап берген.

«Тергеуге көңілім толмайды. Бұл жерде бас куә Курочкин деген азамат. Бірінші тергеуде 22 сәуірде түскі сағат 13:00-де сұрағанда ол «мен ештеңе көрген жоқпын, білмеймін» деді. Сол күні кешкі сағат 20:00-де берген жауабында «мен көрдім, екеуі төбелесті, Аманжолов жеті соққы жасады» деген. Бұлар адам жеті соққыдан қайтыс болды деп отыр. Жүрегіне зақым келген, екі өкпесін езіп жіберген. Бірақ жеті соққыдан ондай зақым келуі мүмкін емес. Ақтөбе қаласындағы сарапшы маманымыз «жеті соққыдан денеге ондай зақым келмейді» деген қорытынды шығарып отыр. Мемлекеттік сот-медициналық сараптама жету соққыдан болуы мүмкін деп отыр», - дейді Пралиев.

Сержан Пралиевтің айтуынша, басты куәгер Курочкинге қысым жасалған.

«Мен жас жауынгерлермен кездесіп, сөйлестім. Олардың барлығы «өтірік» деп отыр. Жас жауынгерлердің бәрінен жауап алған. Олар «Курочкинді тергеушілер алып қалып, қысым жасады» дейді. Сарбаздар Курочкинді тергеушілермен бірге кәуап жеп, сусын ішіп отырғанын көрген. Менің жазбам бар... Біздің құрметті президентіміз кінәлілерді табыңдар деді ғой. Бұлар 6 сағат ішінде кінәліні тапқан», - дейді Пралиев.

Атыраулық Айболат Аманжолов кінәлі деп танылса, 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сот барысында ол өзіне тағылған айыпты мойындамады.

Маңғыстаулық Әлібек Қалбай 2022 жылдың 22 сәуірінде Жамбыл облысы Отар ауылында орналасқан әскери бөлімде қайтыс болды. Ол сапта тұрған кезде кенеттен есінен танып құлаған. Жас сарбаздың қазасына байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдіріп, Бас прокуратура мен Қорғаныс министрлігіне жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырды.

Есдәулет Қызырбекұлы, Алматы қаласы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама