Елордада 29 млрд теңгеге үшінші ЖЭС-тің салынып жатқанына 10 жыл болды
Әкімдікте қажетті қаражат бар
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов кәсіпкерлермен кездесу барысында 10 жыл бойы салынып жатқан елорданың үшінші ЖЭС-і құрылысына қатысты жауап берді.
«Құрылысты бір ғана мердігер компания атқарып жатыр. Оның алдына қойылған міндеттер көп. Проблема да аз емес.
Әкімдікте қажетті қаражат бар. Бүгінде жылу электр станциясына бағытталатын 20 млрд теңге дайын. Бұған дейін мердігерге 9 млрд теңге бердік.
Біз құрылысқа жауапты компанияға жұмыстарды мерзімінде аяқтауды ескерттік. Жобаны аяқтап, жылу беру керек. Егер олай болмаған жағдайда сотта кездесеміз», - деді қала әкімі.
Бұл ретте мердігер өзінің жауапкершілігін түсініп, қазір барлық ресурстарын жұмылдырып жатқан көрінеді.
Бұл бағытта логистикалық мәселелер мен әлемдегі геосаяси жағдайлар да әсер етіп отыр. Станцияға қажетті өнімдерді кейбір елдер жасамайды. Сондықтан біз тауар жеткізушілерді өзгерттік, - деді Алтай Көлгінов.
Оның айтуынша, мердігер компания үшінші ЖЭС-ті 2023 жылдың қаңтарында пайдалануға беруге міндеттелген.