Halyq Uni логотип
×

Жамбыл әкімдігі 800 мұғалім қысқартылғаны туралы ақпаратқа түсініктеме берді

Облыста екі мыңнан аса мұғалім дене шынықтыру пәнінен сабақ береді

 Ұлдана Жұбай 23.08.2022 | 13:05
Жамбыл әкімдігі 800 мұғалім қысқартылғаны туралы ақпаратқа түсініктеме берді
Фото: ашық дереккөз

Әлеуметтік желіде Жамбыл облысындағы мектептерде дене шынықтыру пәнінен сабақ беретін 800 мұғалім жұмыстан шығарылғаны туралы ақпарат тарады. Алайда облыстың білім басқармасы бұл ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Аймақта дене шынықтыру пәнінің 800 маманы қысқартылды деген ақпараттың жалған екенін хабарлаймыз. Облыс бойынша дене шынықтыру пәнінің 2 534 мұғалімі жұмыс істейді. Қазір білім беру мекемелерінде дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің апталық жүктемесін есептеу бойынша жұмыс тобы құрылды. Апталық жүктемесі 16 сағатқа жетпейтін педагогтердің сағатын толықтыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, оқу-ағарту министрінің 2022 жылдың 3 тамыздағы бұйрығына сай, 1-11 сыныптарда дене шынықтыру міндетті пән ретінде оқытылады. Алайда биылдан бастап дене шынықтыру пәні кезінде оқушылар топтарға бөлінбейді. Соған байланысты мұғалімдерге сағат жетпеу мәселесі туындады.

Қоғамда бұл тақырып жиі талқыланған соң оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов өзгерістерді түсіндірді.

«Заңға сәйкес, барлық сыныпта бір аптаның ішінде дене шынықтыру сабағы үш рет өткізіледі. Аптасына үш сағат өзгермейді. Балалар аптасына үш емес екі рет дене шынықтыру сабағына қатысады деп айтып жүр. Бұрынғыдай аптасына үш сабақ қала беретінін ресми түрде мәлімдеймін. Бұл жерде ешқандай өзгеріс жоқ. Біз үшін балалардың бұрынғыдай аптасына үш рет міндетті түрде дене шынықтырумен айналысқаны маңызды», - деді Аймағамбетов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама