Ол басшылыққа келерде Хан жемқорлықпен күресіп, Пәкістанды экономикалық дағдарыстан алып шығуға уәде берген
Пәкістан полициясы бұрынғы премьер-министрі Имран Ханға терроризм туралы заң бойынша айып тақты. Бұның алдында Хан полиция мен сотты өзінің жақын көмекшісін ұстап, азаптады деп кінәлаған.
Бүгін экс-премьердің жүздеген жақтасы оның ел астанасы Исламабадтағы сарайының алдына жиналды. Және де демонстранттар Хан қамалса, билікті қолға алатындарын ескертті.
Айта кетсек, Хан биыл сәуірде үкімет басшысы қызметінен шеттетілгеннен кейін жаңа премьер мен әскер басшылығын белсенді түрде сынап келеді. Бұрынғы кәсіби крикетші Имран Хан Пәкістан министрлер кабинетін 2018 жылдан бері басқарды.
Бірақ, парламент сенімсіздік білдіріп, үкіметтен аластатса да ол көптеген пәкістандықтардың қолдауына ие. Шілдеде оның партиясы Пенджабтағы заң шығарушы органды бақылауға алды.
Кейбір сарапшылардың пікірінше, бұл жеңіс Ханның кезектен тыс сайлауда да табысқа жетуі мүмкін екенін аңғартады. Ал, 2018 жылы басшылыққа келерде Хан жемқорлықпен күресіп, Пәкістанды экономикалық дағдарыстан алып шығуға уәде берген.