Кінәлілер қатаң жауапкершілікке тартылмақ
2022 жылғы 8 ақпанда Қарағанды гарнизонында мерзімді борышын өтеп жүрген екі әскери қызметші әскери бөлімді өз бетімен тастап кетті. Сарбаздарда өзімен бірге қарулары болмаған. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Арада бірнеше сағат уақыт өткен соң Қорғаныс министрлігі әскери бөлімді өз бетінше тастап кеткен сарбаздардың табылғанын хабарлады.
Әскери қызметшілер ұсталып, аталған фактіге қатысты қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаны тергеу нәтижелері бойынша кінәлілер қатаң жауапкершілікке тартылады, – делінген ведомство хабарламасында.
Еске салайық, 2021 жылдың 1 желтоқсанында сағат 18:00-ден кейін Құрлық әскерлері әскери институтының (Алматы) төртінші курсында білім алып жүрген 210 курсант оқу орнын өз бетінше тастап кеткен.