×

Алматыда меңгеруші дәрігер 19 жастағы санитарды ұрып-соққан

Аурухана қызметкерлері меңгерушінің санитарларды жиі ұратынын алға тартып отыр

 Еркеғали Болатұлы 22.08.2022 | 15:55
фото: дереккөз

Алматыдағы №7 қалалық ауруханада қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі қарамағындағы санитарды ұрып тастады. Әріптестерінің айтуынша, зардап шегушінің басына қан ұйып (гематома) қалған.

Қабылдау бөлмесінде өте қатты ұрды. Санитар, тіпті, өзін қорғай алмады. Өйткені ол меңгерушіден қорықты, - дейді әріптестері.

Таяқ жеген жігіттің аты-жөні – Нұржан Оханов. Қазір ол тиісті сараптамадан өткен. Ауруханада жатыр. Осы оқиға бойынша оның туыстары полицияға арыз жазып қойған.

Белгілі болғандай, меңгеруші оны бұған дейін де ұрып-соққан көрінеді. Бірақ ол әрекеті «жабулы қазан – жабулы» күйінде қалған. Ал аурухана қызметкерлері меңгерушінің санитарларды жиі ұратынын алға тартып отыр.

Психологиялық қысым жасайды, айқайлайды. Біз науқастармен жұмыс істейміз, оңай емес. Ең қиын міндеттерді санитарлар орындайды және олар осындай қол жұмсауға да төзеді. Сонымен қатар, басқа аурухана қызметкерлері сыйақы алып жатқанда біз шетқақпай болып қаламыз. Өткен барлық мерекелерде сыйақы алмадық. Бізге көмектесіңіз, жағдайымызды министрлікке жеткізіңіз, - деп жалынған аурухана қызметкерлері Talgarnews тілшісіне.

Бұл ретте олар өздерінің аты-жөндерін көрсетпеуді сұрап отыр. Өйткені басшылықтың қудалауынан қорқады. Айтуларынша, бұрын журналистерге ашық шағымданған бір қызметкер жұмыстан шығарылған екен.

Қазір кезекті рет таяқ жеген санитардың әріптестері қабылдау бөлімшесінің меңгерушісіне қатысты қызметтік тергеу жұмыстарын жүргізу үшін қол жинап жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама