Halyq Uni логотип
×

Қорғаныс министрлігі әскерде суицидтің көбеюіне қатысты мәлімдеме жасады

Министрлік күштік құрылымдағы өзіне-өзі қол жұмсау әрекеті көп жағдайда әскери қызметке байланысты емес екенін мәлімдеді

 Халық үні 22.08.2022 | 12:51
Қорғаныс министрлігі әскерде суицидтің көбеюіне қатысты мәлімдеме жасады
Фото: Liter.kz

Қазақстанның Қорғаныс министрлігі күштік құрылымдарда суицидтің жиілеуіне байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Кейінгі кездері еліміздің күштік құрылымдарында орын алған өзіне-өзі қол жұмсау фактілерінің жиілеуі түсіндіруді қажет етеді. Әскери қызметшінің өлімі тек Қарулы күштерде ғана емес, басқа да әскер түрлерінде орын алып отыр. Бағыныстылардың өмірі мен денсаулығына ҰҚК Шекара қызметі, ІІМ Ұлттық ұланы, Мемлекеттік күзет қызметі және Төтенше жағдайлар министрлігі де жауапты», – деп хабарлады министрлік.

Сондай-ақ министрлік бейбіт уақытта аталған күштік құрылымдар Қарулы күштердің құрамына кірмейтіні мәлімдеді. Қорғаныс министрлігі олардың қауіпсіздігін бақыламайды.

«Өзіне-өзі қол жұмсау сияқты шарасыз қадамға бару ол адамның туыстары мен жақындары үшін үлкен қайғы. Командирлерге де жауынгерден айырылу ауыр шығын. Қарулы күштерде болған әрбір жағдайды әскери полиция қызметкерлері және басқа да қылмыстық қудалау органдары мұқият тексереді. Тексеру нәтижелері өзіне-өзі қол жұмсау көп жағдайда әскери қызмет өткерумен байланысты емес екенін көрсетті. Әскерге шақыруға дейінгі кезеңде әскери қызметшілерді осындай әрекетке итермелейтін әр түрлі өмірлік жағдайлар кездесетінін ескеру керек», – делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің бастамасымен ғылым, құқық қорғау органдары мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен әскери ортада орны толмас шығындарды барынша азайтуға және суицидтің алдын алуға бағытталған «Өмірді сақта» кешенді бағдарламасы әзірленіп жатыр.

Айта кетейік, 2022 жылдың 20 тамызында Жамбыл облысындағы Шөлдала шекара бекетінде 18 жастағы сарбаз өлі күйінде табылғаны туралы ақпарат тарады. Алайда Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл жағдайға қатысты пікір білдірмеді.

Оның алдында 2022 жылдың 17 тамызында Мемлекеттік шекара учаскелерінің бірінде қызметін өткеріп жүрген әскери қызметші Нұрбек Ерғалиев қайтыс болды. Сот-медициналық сараптама нәтижесі бойынша марқұмның жүрегі тоқтап қалғаны анықталды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама