×

Алматыда көпқабатты тұрғын үй құрылысына қатысты дау шықты

Мамандар тұрғындардың наразылығы міндетті түрде ескерілетінін айтты.

 Халық үні 22.08.2022 | 00:34
ашық дереккөзден

Алматыда көппәтерлі тұрғын үй құрылысына қатысты дау шықты. Әуезов ауданының тұрғындары үйлердің бір-біріне тығыз салынып жатқанына қарсы, деп хабарлайды Астана арнасы.

Онсыз да есік алдында айналатын жер жоқ. Қат-қабат бой көтерген ғимараттар тіпті дем алуға да кедергі келтіреді дейді олар. «Егер үйімізге қарама-қарсы жатқан бос жерге тұрғын үй салынатын болса, жүріп-тұруымыз одан әрі қиындап кетеді» дейді Ақсай шағын ауданының тұрғындары. Айтуларынша, мұнда осыған дейін теннистік корт және көлік тұрағы болған. Ал енді бұл жерге тұрғын үй салынбақшы дейді.

Мына жерде құрылыс жүрейін деп жатыр. Көпқабатты үй саламыз деп жатыр. Біз қарсымыз. Өйткені мына жер тар. Адамдар итпен қыдырады, екіқабат әйелдер жүреді, демалады. Енді биік үй салатын болса, білмеймін не болатынын, - дейді Алматы қаласының тұрғыны Дания Балмұханбетова.

Тұрғындар мұнда үй емес, демалатын саябақ, спорт кешенін салуды жөн көреді. Себебі маңайда балалар алаңқайы аз. «Ауладағы жолымыз да тар» дейді олар.

Артымызда 9 қабатты үйлер тұр. Мына жақта мектеп, келесі жақта балабақша орналасқан. Онсыз да тар. Оқу жылында балалар әрі-бері жүреді. Көлік те көп. Дәл осы жерге жаңа тұрғын үй салынатынын естідік. Бұл мүлдем ақылға қонбайтын іс, - деді Алматы қаласының тұрғыны Сергей Балуков.

Аталған жер теліміне көппәтерлі тұрғын үйлер салынатынын қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы растады. Ауданның егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес 12 қабатты тұрғын үй құрылысы қарастырылған.

Біздің рұқсаттама құжаттары негіздемесі бойынша ол бас жоспар және егжей-тегжейлі жоспарға сәйкес келеді. Бұл жерде сұратылып отырған мекен-жай бойынша көпқабатты тұрғын үйлер қарастырылған. Жер учаскесі жекеменшік, жеке тұлғаның атында. Көпқабатты тұрғын үйдің эскиздік жобасы қазіргі таңда келісілмеген, - дейді Әуезов аудандық жоспарлау және аумақтарды үйлестіру қызметі басшысының міндетін атқарушы Бекнар Берікұлы.

Мамандар тұрғындардың наразылығы міндетті түрде ескерілетінін айтты. Заңға сәйкес, құрылысқа жақын маңдағы тұрғындардың назарына құрылыс жүргізуші жобаны ұсынып, қоғамдық талқылау өткізуге міндетті дейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама