Тереңдігі 4 метрлік кәріз құдығына құлаған бүлдіршінді құтқарған жігіттің кім екені белгілі болды
Бозбала Қызылорда қаласына оқуға құжат тапсыруға келіпті.
Баланы құтқарған жігіттің есімі Арман Аманжолов. Арман бізге оқиға қалай болғанын айтып берді. Ол Арал ауданы Бөген ауылында 2007 жылы дүниеге келген. Отбасында бес ағайынды, алдында екі әпкесі, екі ағасы бар. Әкесі Жаңалық жұмыссыз, анасы Майра мектеп асханасында істейді екен, деп жазады «Сыр бойы» газетінің сайты.
Бозбала Қызылорда қаласына оқуға құжат тапсыруға келіпті.
Ол бала 2 жарым жаста, анасының алдында кетіп бара жатты. Мен телефоннан әуен тыңдап келе жатқанмын. Кенет анасының жан дауысы шықты. Қарасам бала кәріз құдығына түсіп кетіпті. Бар ойым құтқару болды. Құдыққа түстім. Сол сәтте денелі бір аға жүгіріп келді. Ол бірінші баланы алды. Кейін мені шығарды. Балшық, сасық су екенін шыққан соң білдім, — дейді ол.
Арман электрик мамандығын таңдаған. М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжіне құжаттарын өткізіпті. Қорытындысын күтіп жүр. Көпбалалы отбасынан шыққан батыр жігіт әлі оқу құралдарын алып, студенттік өмірге дайындалып үлгермепті.