Қазақстан әскері «Әлем жауынгерінің» әскери-қолданбалы сайысында үздік атанды
Екінші орында – Беларусь, үшінші орында – Ресей командалары
Қазақстандық артиллеристердің, әскери топографтар мен атқыштардың халықаралық армия ойындары байқауларындағы сенімді жеңістерінен кейін Қазақстанның тағы төрт командасы Армения, Әзербайжан және Ресейдегі жарыс алаңдарында өнер көрсетуін жалғастырды, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Дилижанда (Армения) өтіп жатқан «Әлем жауынгері» байқауының «Ратник» кезеңінде қазақстандық команда ерлер арасындағы әскери-қолданбалы кешенде жеңіске жетті. Екінші орында – Беларусь, үшінші орында – Ресей командалары. Дүйсенбіде атыс жаттығуларынан, әскери-медициналық және әскери-қолданбалы кешендерден тұратын кезеңнің соңғы нәтижелері шығарылады.
Кабардино-Балкарияда «Терскол» тау дайындығы оқу орталығында «Эльбрус сақинасы» конкурсында көшбасшылық үшін табанды күрес жалғасып жатыр. Бір күн бұрын әскери альпинистер тоғызыншы арнайы тапсырманы орындады. Жартас учаскесінен өту жарысында Қазақстан командасы үшінші нәтиже көрсетті. Бірінші орында – Ресей командасы, екінші орында – Өзбекстан.
Бүгін байқауға қатысушылар Ирик шатқалынан (2 800 м) Кіші Азау мұздығына (3 264 м) 25 шақырымдық жаяу марш жасайды. Дүйсенбі күні байқауға қатысушылар мұз учаскесінде көтерілу/түсу және зардап шегушіні тасымалдауға арналған арнайы тапсырмаларды орындайды.
Мәскеу түбіндегі «Алабино» полигонында Қазақстан командасының танкистері «Танк биатлоны» жартылай финалдық эстафетасының өтетін күні мен қарсыластарын анықтайтын жеребе тартуды күтіп отыр. Әзербайжандағы «Теңіз кубогі» байқауында 22 тамызда қатысушылар жауынгерлік жүзушілер шеберлігінде бақ сынайды.