Атырауда ер адам түн ішінде көпірден секірмек болған
Оны полицейлер құтқарып қалды
Атыраулық полицейлер түн ішінде көпірден секірмек болған ер адамды құтқарды.
Polisia.kz мәліметінше, 21 тамызда түнгі сағат 02:45 шамасында 102-ге белгісіз адам "Жұмыскер - Балықшы" көпірінен суға секірейін деп жатқаны туралы хабарлама түскен. ЖБО қызметкерлері навигатор радиоқабылдағыш арқылы дереу жақын маңдағы экипаждарға бағыттама берген.
Жақын маңда жүрген Батыс-24 экипажының қызметкерлері - полиция аға лейтенанты Темірлан Сахиполлаев пен полиция капитаны Дамир Аманов оқиға орнына жетіп, өз-өзіне қол жұмсау мақсатында көпірден секіргісі келген 1989 жылы туған қала тұрғынын анықтаған.
Жедел әрекет еткен полицейлер төрт минут ішінде келіссөз жүргізіп, көпірден секірмек болған азаматты өз еркімен көпірден кері шығуға көндірген. Сараптамаға жеткізілген соң оның масаң екені анықталған.