Өңірде оннан аса футбол алаңы сапасыз салынған
Бұл нысандарға мемлекеттен қыруар қаржы бөлінді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Пайдалануға берілгеніне бірнеше жыл болса да, қабырғалары құлап, жасыл алаңы жарамсыз болып қалған. Ал жауаптылар қаржының аздығынан құрылыс сапасыз салынды деген уәж айтуда.
Жасөркендегі жасыл алаң қазан айында ғана пайдалануға берілген. Дегенмен доп қуалаған ауыл балалары су жаңа футбол алаңының бір бұрышында ғана ойнаға мәжбүр. Себебі спорт алаңы жылға жетпей қирап қалған.
Жел көтерген төсенішті жеткіншектер өздері түзеп, осылай қалыпқа келтіріп алады. Дегенмен жарығы сөніп, қабырғасы құлағалы тұрған алаң балаларға тым қауіпті.
Ауылдағы «ағайын алаң арзанқол материалдан жасалғандықтан бір маусымға да шыдамайды» деп қапалы.
Мұндағы жұрт жергілікті биліктен күдер үзген. Мердігер компания өкілдері кепілдік мерзімі өткенше кемшілікті жоюы тиіс. Бірақ әкімді де, құрылысшыларды да көрмедік дейді тұрғындар. Амалсыз өздері жамап-жасқап көрген.
«Мынаны ауылдың балалары өздері желім жағып, жамап-жасқап көрген, ол да болмады. Одан кейін мына прожекторларды, ауыл балалары өздері жиып сатып алған. Прожекторды да қойған жоқ. Енді көріп тұрсыздар шамамыз келгенше жамаймыз. Онда да болмайды», - дейді ауыл тұрғыны Ермек Сағымбеков.
Тағы бір алаң Жамбыл ауданындағы Бәйтерек ауылында орналасқан. 2019 жылы салынған спорт алаңы алғашқы желге шыдамаған. Енді қоқыс болып үйіліп жатыр. Жалпы ауданда 27 дәл осындай футбол алаңы болса, оның 14-і қайта жөндеуді қажет етеді. Ал жауаптылар болса, спорт алаңдарының жаппай сапасыз болуы, қаржының аздығына байланысты дегенді алға тартады.
Жамбыл аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қайрат Ержігітовтің айтуынша, кіші футбол алаңдарын салуға 3,5 млн-нан 4,5 млн теңгенің арасындағы қаржы кетті.
«Шындап келгенде мынандай ақшаға заманауи үлгіде футбол алаңын сала алмайсың қазіргі уақытта. Заман талабына сәйкес салатын болса, 10-15 млн теңгенің арасында қаржы кетеді», - деді ол.
Аудан атқамінерлері сапасыз салынған алаңдарды мердігерлерге сот арқылы жөндетпек.
Одан бөлек, 17 ауылдық округке спорт кешенін салып, 2025 жылы 100 пайыз қамтимыз деп мәлімдеді. Ол бағытта 1,5 млрд теңге бөлініп, биыл 5 кешеннің құрылысы басталған.