«Қайрат Сатыбалды жан досым, оны жақсы көремін» - Бекболат Тілеухан (ВИДЕО)
Әкесі Нұрсұлтан Әбішұлының өзі қамауға алынғанына қатысты ештеңе айтпады, дейді ол
Экс-депутат Бекболат Тілеухан Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлымен қарым-қатынасы жайлы айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
«Қайрат менің жан досым, оны мен жақсы көрем. Алла тағала мына сынақтан құтқарсын деп тілеп, дұғама алам. Маған көпшілік Қайрат қамалғалы ләм мим демедің дейді. Мысалы әкесі Нұрсұлтан Әбішұлының өзі ештеңе демеді. Тергеу ісіне араласуға болмайды», - дейді ол.
Айтуынша, жұмыссыз қалған уақытында өзін Ұлттық спортқа алып келген адам Қайрат Сабылдыұлы екен.
Еске салайық, 13 наурызда лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және «Қазақтелеком» АҚ-ның қаражатын аса ірі көлемде ұрлады деген күдікпен Қайрат Сатыбалдыұлы ұсталды.
Қайрат Сатыбалдыұлының мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Қ.Сатыбалдыұлына қатысты 2 ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
17 наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлына, оның бұрынғы жұбайы Гүлмира Сатыбалдыға және басқа да тұлғаларға қатысты бизнесті рейдерлік басып алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
16 наурызда Г.Сатыбалды ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабы бойынша ұсталып, Нұр-Сұлтан қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды.