Олар өздерінің деңгейіндегі уағдаластықтарды екі ел Үкіметтерінің тұрақты түрде жүзеге асыруы маңызды деп түсінеді
Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің жеке келіссөздері туралы айтты.
Оның айтуынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сочиде ұзаққа созылған жеке кездесудегі келіссөздің қорытындысына көңілі толады екен. Мемлекет басшысының пікірінше, келіссөз өзара сенім әрі іскерлікпен ерекшеленген айырықша достық атмосферасында өткен.
Президент сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық ынтымақтастыққа, екі елдің халықаралық аренадағы өзара іс-әрекетіне қатысты барлық мәселелер жан-жақты талқыланғанын атап өтті. Мемлекеттер басшылары өздерінің деңгейіндегі уағдаластықтарды екі ел Үкіметтерінің тұрақты түрде жүзеге асыруы маңызды деп түсінеді, - деп жазды Руслан Желдібай.
Сондай-ақ ол президенттер тұрақты жұмыс байланыстарын жалғастыруға келіскенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге құрметі мен қонақжайлығына шынайы ризашылығын білдірген.