Қызылордада бозбала тереңдігі 4 метрлік құдыққа құлап кеткен бүлдіршінді құтқарды
Балалар жылында баланы құтқарған жігіт жайында ешқандай ақпарат жоқ.
Қызылорда қаласында оқыс оқиға болды. Тапа тал түсте қаладағы Абай даңғылы мен Ғани Мұратбаев көшесінің қиылысындағы аузы ашық жатқан құдыққа шамамен 4-5 жасар бала түсіп кеткен, деп хабарлады aikyn.kz.
Бұл жайсыз оқиға жұртты қатты шошытты. Сол мезетте жақын маңда жүрген жігіт дереу тереңдігі 4 метр болатын кәріз құдығына түсіп, зардап шеккен баланы алып шыққан.
Баланың қазіргі жағдайы жайында әзірге нақты ештеңе айтылмады. Балалар жылында баланы құтқарған жігіт жайында да ешқандай ақпарат жоқ.
Ал Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімі оқыс оқиға болған жердегі құдықтың аузы бекітілгенін хабарлады.