Университет тергеуге жан-жақты көмек көрсететінін мәлімдеді
Назарбаев Университеті оқу орнында білім алатын қыздардың зорлық-зомбылыққа ұшырағанын айтқан студенттің мәлімдемесінен кейін тергеуге жан-жақты көмек көрсетіп жатқанын хабарлады.
Назарбаев Университетінің (бұдан әрі – Университет) студенті айтқан, тексеруді талап ететін сексуалдық сипаттағы құқық бұзушылық жағдайлары туралы ақпарат бойынша Нұр-Сұлтан қаласы «Есіл» ауданының Полиция басқармасы тиісті процессуалдық әрекеттерді жүргізуде. Университет кез келген зорлық-зомбылық әрекетіне мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстанады және тергеуге жан-жақты көмек көрсетеді, - делінген хабарламада.
Елордалық полицейлер Назарбаев Университеті қызметкерлерінің студент қыздарды зорлағаны жөніндегі видеоүндеу бойынша тексеріс жүргізіп жатыр.
Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында жас қыздың бейнеүндеуі анықталды. Ол Назарбаев Университетінің профессорлық-оқытушылық және техникалық персоналы тарапынан қысым көрсету және зорлауға, сондай-ақ жоғары курс студенттерінің төменгі курс қыздарына қысым көрсетуіне қатысты бірнеше фактіні білетіні туралы айтқан, - делінген Рolisia.kz Telegram-арнасында.
Айта кетсек, аталған бейнеүндеу Есіл ауданының полиция басқармасында тіркелген. Полиция қызметкерлері ол жөнінде толық ақпаратты кейін жариялайтындарын мәлімдеді.