«Қырымдағы жарылыстар». Кезек Севастопольге келді

Дастан Жұмабекұлы

Осы кезге дейін түбектегі аэродромдарда бірнеше инцидент болды

фото: moscowtimes.ru

Қырымдағы Севастопольдың әскери аэродромында жарылыстар жасалды.

Бұл «The Moskow Times» порталы хабарлады.

Севастопольдегі «Бельбек» әскери аэродромында бір мезгілде кемінде 4 жарылыс болды.

Севастопольдің губернаторы Михаил Развожаевтың айтуынша, аэропорт ауданында бір ұшқышсыз ұшатын аппарат атып түсірілген, зардап шеккендер болмаған.

«Бельбектен» бірнеше шақырым қашықта тұратын севастопольдіктер агенттікке жарылыстар туралы айтып берген. Олардың бірі аэродром ауданынан түтін көрінгенін айтқан. Тағы екі адам лаулап жанған отты көргендерін жеткізген.

Жалпы, 18 тамыз күні кешке Ресей территориясы мен Қырымда осындай бірнеше оқиға болған. Қырымның билігі түбекте Әуе қорғаныс күштері жүйесінің іске қосылғанын және Қырым көпірі үстінен бір беспилотниктің атып түсірілгенін мәлімдеді.

Осы күні Ресейдің Белгород облысында да қару-жарақ қоймасы отқа оранған болатын. Оны облыс губернаторы Вячеслав Гладков облыстың Валуй қалалық округіне қарасты Тимоново селосында орналасқан қару-жарақ қоймасындағы жарылғыш заттардың өзінен өзі тұтатып кетуі салдарынан болғанын хабарлаған.