Halyq Uni логотип
×

Барлық мектеп бес күндік оқу аптасына көшеді – Аймағамбетов

Бес күндік оқу аптасына көшу мұғалімдердің еңбек демалысына әсер етпейді 

 Халық үні 19.08.2022 | 12:50
Барлық мектеп бес күндік оқу аптасына көшеді – Аймағамбетов
фото: ашық дереккөз

Келесі жылдан бастап үш ауысымдық мектептерді есепке алмағанда, барлық мектеп бес күн жұмыс істейді. Бұл туралы тамыз конференциясында оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Министрлік бірнеше шешім қабылдады. Ол қоғамда қызу талқыланып жатыр. Біріншісі, мектептегі оқу жүктемесін азайттық. Екіншісі, оқу жылы 31 мамырда аяқталады. Бұл мәселе қандай мүмкіндік береді? Келесі жылдан бастап бізде 1,5 миллион оқушы қосымша 36 демалыс күнін алады. Бұл балалар мен мен олардың ата-анасы үшін жақсы жаңалық», - деді Аймағамбетов.

Сондай-ақ министр келесі жылдан бастап үш ауысымдық мектептерді қоспағанда, барлық мектеп бес күндік жұмыс форматына ауысатынын хабарлады.

Бұл мектеп директорларына, мұғалімдерге және барлық қызметкерге де қатысты. Біз мұғалімдер сенбі күні демалуға тиіс деп санаймыз. Мұғалімдер сенбі күні өз балаларының қасында болуы керек. Бұл мектеп директорларына да, оқу меңгерушілеріне де қатысты, - деді оқу-ағарту министрі тамыз конференциясында. 

Аймағамбетовтің айтуынша, бұл өзгеріс ұстаздардың еңбек демалысына әсер етпейді.

«Бұл еңбек демалысына әсер етпейді. Демалыс уақыты – 56 күн, яғни өзгеріссіз қалады», - деді ол.

Сондай-ақ министр мектеп директорларына сенбі күні мұғалімдерді қалай да болсын мектепке шақыртып алуды тоқтатуды тапсырды.

Айта кетейік, 2017 жылдан бастап мектептерде бес күндік оқыту енгізілді. Алайда  2021-2022 оқу жылында 2 839 мектеп 6 күндік оқу аптасы бойынша білім берді. 

151 МЕКТЕП ҮШ АУЫСЫМДА ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2021-2022 оқу жылында республика бойынша 7 385 орта білім беретін мектеп жұмыс істеді. Оның 6 942-і – мемлекеттік, 443-і – жекеменшік мектеп. Ішінде 151 мектеп үш ауысымда жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі Алматы, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақмола, Павлодар облыстары мен Шымкент қаласында орналасқан.

«Биыл шамамен үш ауысымда оқытатын мектептердің саны 24 мектепке қысқарып, олардың саны 127-ге дейін азаяды деп жоспарланған», - деп хабарлады министрлік.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама