×

Шавкат Мирзияев та Қағбаға кірді

Өзбекстан президенті Сауд Арабиясы королімен кездесіп, 11,99 млрд долларға 10 инвестициялық келісімге қол қойып қайтты

 Дастан Жұмабекұлы 19.08.2022 | 11:52
фото: https://www.facebook.com/Mirziyoyev

Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзияев Сауд Арабиясына мемлекеттік сапарында Қағбаға кіріп, құлшылық жасады.

Ол Ислам әлемі үшін қасиетті мекен – Мекке қаласында умра немесе кіші қажылығын өтеді.

Президент Қағбаға кіру мәртебесіне ие болды. Оның есігі ерекше жағдайларда және аса сыйлы қонақтарға ғана ашылады. Бұл Сауд Арабиясы басшылығының Өзбекстан президентіне көрсеткен зор құрметін білдіреді.

Мемлекет басшысы Қағбада намаз оқыды. Содан кейін ол Қағбаны жеті рет айналып, тәуәп жасады. Тәуәп – Қағбаны жеті рет айналу. Әрбір айналым «Шаут» деп аталады. Одан әрі президент Сафа мен Мәруа төбелері арасында үш реттен жүрді, –  делінген uzreport.news порталында.

Сағи – қажылық немесе умра кезінде Сафа мен Мәруа төбелері арасында жүру. Бұл екі арадағы барып – келу Сафадан Мәруаға төрт, Мәруадан Сафаға үш реттен жүреді. Барлығы 7 рет. Сафадан басталып, Мәруамен бітеді (ред.).

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Шавкат Мирзияев Сауд Арабиясына сапарында осы елдің басшылығымен 11,99 млрд долларға 10 инвестициялық келісімге қол қойған.

Жақында, яғни 24 шілдеде Мемлекет басшы Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясына сапарында Қағбаға кіріп, құлшылық жасаған болатын. Оған дейін Орталық Азия елдерінің басшыларының бәрі дерлік қасиетті жерге барды.

Бұрынғы Кеңес Одағы республикаларының басшыларының арасында қажылықты алғашқы болып Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов өтеді. Ол 1992 жылғы сәуірде Сауд Арабиясына мемлекеттік сапары кезінде умра қажылықты жасады. Сол кездегі патшалықтың королі Фахд бен Абдуләзиз Каримовке Қағбаның қабырғасын жауып тұрған жапқыш – кисуаның бір бөлшегін сыйға тартты. Кисуада алтын жіптермен «Әл Имран» сүресінің 97-ші аяты тігілген екен. Оны Ислам Каримов имам әл-Бұхари кешенінің мұражайына сый ретінде өткізді.  

Одан кейін 1994 жылы Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сауд Арабиясына алғашқы ресми сапары барысында қасындағы делегация мүшелерімен бірге умра – кіші қажылықты өтесе, араға үш жыл салып Тәжікстан Республикасының президенті Эмомали Рахмон Қағдаға кірді. Ол 2001 жылы да Сауд Арабиясына ресми сапарлары кезінде кіші қажылықты өтеді. Үшінші умраны Рахмон 2005 жылы Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттердің көшбасшыларымен кездесуге барған кезде өтеген.

Сол жылы 5 желтоқсанда ол Сауд Арабиясы патшасының рұқсатымен екінші Қағба ғимаратының ішіне екінші рет намаз оқу үшін кірді. Эмомали Рахмон 2016 жылы қаңтарда Сауд Арабиясына тағы да қажылық парызын өтеуге барды. Тәжікстан президенті өзінің зайыбы және бірнеше баласымен, сондай-ақ қасындағы делегациясымен бірге Меккеде кіші қажылықты өтеді.

Қырғызстанның бұрынғы президенттері Алмазбек Атамбаев пен Сооронбай Жээнбеков те Ислам дінінің киелі жеріне барып, кіші қажылық жасады.

Алмазбек Атамбаев 2014 жылы желтоқсанда Араб түбегі еліне ресми сапары кезінде Меккедегі әл-Харам мешітінде кіші умра қажылығын өтесе, араға 5 жыл салып Сооронбай Жээнбеков 2019 жылы желтоқсан айында құлшылық жасап қайтты.

Түркіменстанның әкелі-балалы басшылары Гурбангулы Бердімұхамедов пен Сердар Бердімұхамедовтің де Меккеге жолдары түсті.

2016 жылы мамыр айында  Түркіменстанның экс-президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Сауд Арабиясына ресми сапары кезінде мұсылмандардың киелі қаласы – Мекке қаласына барды. Сапар барысында ол бірнеше министрлермен бірге әл-Харам мешітіндегі қасиетті Қағбада қажылық жасады. Одан кейін президент Медина қаласына барып, ол жерде Мұхаммед Мәсжид ән-Нәби пайғамбардың мешітіне арнайы ат басын бұрды.  

Сердар Бердімұхамедов биыл маусым айының басындакіші қажылық – умраны өтеді.

Түркіменстан президенті мен оның жанындағы делегация мүшелері мешітке барып намаз оқып, одан соң умраның тиісті салттарын жасады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама