Алматыда жүк көлігі иелеріне 41 млн теңге айыппұл салынды

Халық үні

Жаңа жолдың басым бөлігі жүк көлігі қозғалысынан тозған

Фото: Жол активтері ұлттық сапа орталығы

Алматы қаласында 3 000 шақырымнан астам жолға асфальт төселген. Алайда жүк көліктері қозғалысының жиілеуіне байланысты жаңа жолдардың өзі тозып жатыр.

Айта кетейік, елімізде 80 мыңнан астам ауыр жүк көлігі тіркелген, оның ішінде 42 549 көлік Алматы қаласында есепте тұр. Республика бойынша жүк көліктерінің жартысынан астамы Алматыда тіркелгендіктен, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» қызметкерлері Көлік инспекциясымен бірігіп қалада жиі тексеру жүргізеді.

Мамандардың айтуынша, жолдың 90%-ы жүк көліктері қозғалысынан тозған. Себебі жүк көліктері жүкті нормадан асырып тиеген, арасында салмағы 50-60 тонна болатын техниканы тасымалдағаны да бар. Соның салдарынан жаңа жол үш жылға жетпей тозады.

Алматы қаласы бойынша Көліктік бақылау инспекциясы 2022 жылдың 7 айын қорытындылады. Соған сәйкес, жеті ай ішінде 306 заңбұзушылық тіркелгені хабарланды. Жүк көлігі иелеріне 41 миллион 894 мың теңге айыппұл салынды. Соның 30 миллион теңгеге жуығы мемлекет есебіне өндірілген.

Хаттаманың басым бөлігі жүкті рұқсат етілген нормадан асырғаны үшін толтырылған.