Режиссерлік топ түсірілімді қазан айында аяқтамақ
Qazaqstan телерадиокорпорациясының тапсырысымен Міржақып Дулатұлы туралы телехикаяның түсірілімі басталды. Онда Алаш қайраткерінің ұлт мүддесі жолындағы ерен еңбегі мен қилы тағдыры суреттеледі. 6 бөлімнен тұратын туындыны былтыр «Ахмет. Ұлт ұстазы» хикаясын түсірген шығармашылық топ қолға алып отыр.
Кеше Алаш алыптарын сомдайтын актерлар соңғы дайындығын пысықтап алып, алғашқы сахнаға кірісті.
Телехикаяда Міржақыптың қоғамдық-саяси қызметі, сол дәуірде басты ұранға айналған «Оян, қазақтың» шыққан уақыты көрсетіледі. Сонымен қатар, Алашорда кезеңі мен Кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі ұлт зиялыларының қудалануы суреттеледі. Басты рөлде – Бақыт Қажыбаев.
Міржақыптай тұлғаны сомдау үлкен дайындықты қажет етеді. Барынша дайындалуға тырыстым. Әлі де күмән бар. Зерттейтін тұстары өте көп. Енді түсірілім барысында режиссермен ақылдасып отырып, әңгімелесе келе тағы да көбірек дайындық болады деген үміт бар, - дейді актер.
Qazaqstan телеарнасының хабарлауынша, бұл телехикая «Ұлт ұстазы. Ахмет» телехикаясының параллелі іспетті. Мұнда да Әлихан Бөкейханның рөлін Бауыржан Қаптағай, Ахмет Байтұрсынұлын Байғали Есенәлиев сомдайды. Фильмге дайындық сәуірден басталды. Деректер зерттеліп, естеліктер оқылып, мамандар тарихқа үңіліп көрген. Ол үшін сирек қолжазбалар қорынан 1910 жылы шыққан «Оян, қазақ» кітабы да алыныпты. Оның көшірмесі телехикая арқылы көрерменге ұсынылмақ.
Міржақып Дулатұлының басқа Алаш қайраткерлерінен ерекшелігі десе де болады, ол кісінің өзінің туған қызы Гүлнар Дулатова бертінге дейін біздің арамызда өмір сүрді. Өте мол мұра қалдырып кетті артына. Тек әкесі туралы емес, барлық алашордашылар жайлы. Бізге біраз қазына болды, - дейді телехикаясының режиссері Мұрат Есжан.
Тарихи туындының түсіріліміне бас-аяғы 80 актер қатысып жатыр. Сондай-ақ 200-дей адамның қатысуымен көпшілік сахналары түсіріледі. Режиссерлік топ түсірілімді қазан айында аяқтамақ. Ал «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясын көрермен назарына ұсыну желтоқсанға жоспарланған.